Ақтөбе: Республикалық азан жарысына үміткер анықталды 180

Ақтөбе: Республикалық азан жарысына үміткер анықталды

28 қыркүйек 2020 338 Оқу 1 минут


ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Әдемі әуезді азаншы» IV Республикалық азаншылар жарысына өңір бойынша іріктеу сайысы өтті.

Сайыс басында облыстың Бас имамы Төлеби Оспан бүгінгі жарыстың аса тағылымды екендігін жеткізіп, азанның маңызына тоқталды.

Іріктеу бәсекесіне «Әдемі әуезді азаншы» жобасының авторы, Ақтөбе облысының Бас имамы Төлеби Оспан, «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамдары Алмат Әли мен Бекжан қари Әлденов қазылық жасады. Азан шақырушы үміткерлер тәжуиді, махражы және мақамы бойынша бағаланды. Іріктеу сайысына Алланың асыл сөзі – азанды жаттаған 12 үміткер қатысып, карантин уақытында мешітте азан дауысы асқақтады.

Жарыс қорытындысы бойынша әділқазылар Ақтөбе облысы, Әйтеке би аудандық мешітінің Бас имамы Тілес Ғабидолланы үздік деп шешіп, оған IV Республикалық азаншылар жарысына жолдама берді. Қатысқан басқа үміткрелерге мадақтама беріліп, сәттілік тіленді.

Еске сала кетейік, бұған дейін III Республикалық азаншылар жарысы 2018 жылы Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде өтіп, Қызылорда облысы, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұстазы Шыңғыс Жаппарханұлы Бас жүлдені иеленген болатын. Ал, ІV Республикалық азаншылар жарысы қазан айында Маңғыстау облысында өтеді деп жоспарлануда.


Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі