Ақтөбе: Республика күніне орай марафон ұйымдастырылды 3023

Ақтөбе: Республика күніне орай марафон ұйымдастырылды

25 қазан 2023 124 Оқу 1 минут

ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының бастамасымен Республика күніне орай Республикалық марафон ұйымдастырылды. Аталған қордың Ақтөбе облысы өкілдігінің жетекшілігімен қаламыздағы «Аяла» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған мерекелік іс-шара өтті. 

Шара басында балалардың қолдарына еліміздің көк туы табысталып, құрмет көрсетілді. Осындай игі шара барысында балалар «JUNGLE PARK» ойын-сауық кешенінде ойын ойнап, көңілдерін көтерді.

Сондай-ақ облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің асханасында арнайы дастарқан жайылып, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйланды. Осы шараға «Ақтөбе» футбол клубының ойыншылары Арман Кеңесов пен Әділхан Таңжарықов қатысып, қонақтарды және балаларды айтулы мерекемен құттықтады. Осындай игі іске қаламыздағы «Райян» еріктілер тобының жетекшісі мен топ мүшелері өз үлестерін қосып, балалардың емін-еркін ойнап, көңілді болып жүрулеріне қол ұшын созды.

Одан өзге ұлттық мереке Республика күніне арналған марафон қаламыздағы «Қоныс» спорт кешенінде өткен Ақтөбе және Каспий командалары арасындағы ойынның үзілісі кезінде өз жалғасын тауып, көрермендерге тәттілер үлестірілді. Ал «Керуен сити» сауда орталығында қала тұрғындарына еліміздің көк туы таратылып, игі тілектер айтылды.

Республика күніне арналған шаралар аудандық мешіттерде де жалғасын тапты. Мәртөк аудандық мешітінің бас имамы Марал Ермекбайұлы мүмкіндігі шектеулі жандарға құрмет жасап, дастархан жайып, сыйлықтар табыстады. Қобда аудандық «Шәріп Молда» мешітінің бас имамы Абай Шымболатов жергілікті жамағат арасында интеллектуалды білім сайысын ұйымдастырып, қатысушыларға сыйлықтар таратты.

Облыс көлемінде демеушілердің көмегімен көше, сауда орталықтары, саябақтар мен мешіт аулаларында жалпы саны 1000-нан аса еліміздің көк туы таратылды.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі