Ақтөбе облысының имамдары Арал өңіріне рухани-танымдық сапар жасады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дархан дала» отандық туризм жобасы аясында Ақтөбе облысының дін қызметкерлері Қызылорда облысы, Арал ауданына арнайы рухани-танымдық сапар ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – еліміздің тарихи-мәдени мұраларымен, табиғи ерекшеліктерімен танысу, туған өлкенің шежіресін зерделеу және имамдар арасындағы бауырластық пен рухани байланысты нығайту.
Сапар барысында имамдар алдымен Арал ауданына қарасты Аққұм ауылдық округінің Шижаға ауылындағы табиғаттың ерекше туындысы – «Ысқырма құмды» тамашалады. Жел соққанда ерекше үн шығаратын бұл құмды алқап шөл даланың өзіндік сәні мен табиғаттың тылсым құбылысын айшықтайды. Сонымен қатар имамдар шөлейтті өңірдің табиғи тіршілігімен танысып, шөл жағдайына бейімделген Ойсылқара тұқымының жайылымын көрді.
Одан кейін сапар қатысушылары Арал теңізінің тарихы мен балық шаруашылығының өткені туралы мол мағлұмат беретін «Балықшылар музейіне» экскурсия жасады. Мұнда теңіз балықшыларының тұрмыс-тіршілігі мен кәсібінен сыр шертетін құнды жәдігерлер ұсынылған. Атап айтқанда, балықшылар пайдаланған кемелер, ат және түйе шаналар, ау-жылымдар, балық тасымалдауға арналған вагон, арнайы киімдер мен түрлі құрал-жабдықтар дін қызметкерлерінің ерекше қызығушылығын тудырып, Арал өңірінің өткен өмірін тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ имамдар Арал қаласының кіреберісінде бой көтеріп жатқан сәулеті келіскен жаңа мешіттің құрылыс барысымен танысты. Орта Азия сәулет өнерінің үлгісінде салынып жатқан төрт мұнаралы, бір күмбезді еңселі ғимараттың аумағы кең, ауласында қосымша қызметтік бөлмелер қарастырылған. Бұл нысан алдағы уақытта өңірдің рухани келбетін айшықтайтын маңызды орталықтардың біріне айналмақ.
Рухани-танымдық сапар соңында дін қызметкерлері ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, «Дархан дала» жобасы аясындағы игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ел ішіндегі тарихи орындар мен рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға септігін тигізетініне сенім білдірді.
ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі











































