Ақтөбе облысының 2 ауданында жаңа мешіт асханалары ашылып, ҚМДБ жанындағы «Уақып» қорына берілді 6833

Ақтөбе облысының 2 ауданында жаңа мешіт асханалары ашылып, ҚМДБ жанындағы «Уақып» қорына берілді

27 қараша 2026 62 Оқу 1 минут

Бүгін қасиетті жұма күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының директоры Азамат Әбдікәрімұлы арнайы іссапармен Ақтөбе облысына келді. Сапар аясында өңірдің Әйтеке би және Хромтау аудандарында мешіт жанынан бой көтерген жаңа ғимараттар ресми түрде ел игілігіне беріліп, қор теңгеріміне өтті. Құжаттамалық жұмыстары толық аяқталған қос нысанның салтанатты рәсіміне өңірдің дін қызметкерлері, жергілікті билік өкілдері, ел ағалары мен аудан тұрғындары қатысты.

Әйтеке би ауданында 200 орындық «Руханият» орталығы ашылды

Құрылысы 2025 жылдың жазында басталған 200 орындық «Руханият» орталығы аудандық орталық мешіттің жанынан кәсіпкер Сағындық Кішкенебаевтың демеушілігімен салынып, есігін айқара ашты. Жиынға қор директоры Азамат Әбдікәрімұлы, аудан әкімінің орынбасары Кеңшілік Мырзалыұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақансері Ермағанбетұлы және Ақтөбе қалалық мешітінің бас молдасы Жаңылхан Әбдісаламұлы келді.

Шарада қор директоры Азамат Әбдікәрімұлы уақыптың діни әрі қоғамдық маңызына кеңінен тоқталып, көпшілікке арналған мүліктің ұзақ уақыт халыққа қызмет ететін «садақа жария» екенін атап өтті. Рәсім барысында лента қиылып, аумаққа бес түп шырша отырғызылды. Салтанат соңында Ақтөбе облыстық мешітінің имамы Нұрбол Смағұлов облыстың бас имамы Амантай Садиевтің атынан меценат Сағындық Кішкенебаевқа алғыс хат пен шапан табыстады.

Хромтауда 250 орындық мешіт асханасы пайдалануға берілді

Игі бастама Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде де жалғасын тапты. Құрылысы 2014 жылдың көктемінде басталған 250 орындық заманауи асхана жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен аяқталып, ресми түрде ашылды. Сондай-ақ нысанға «Уақып» қорының меншік куәлігі табысталды.

Салтанатты шараға Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Жексенбай Торбаев, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Алмат Әли, аудандық дін істері бөлімінің басшысы Досхан Бегімбетов пен жамағат жиналды. Жексенбай Торбаев көпшілікті облыстың бас имамы Амантай Садиевтің атынан құттықтап, құрылысқа атсалысқан азаматтарды алғыс хаттармен марапаттады және ауданның бас имамы Марал Иманғалиға қор куәлігін табыс етті.

Сондай-ақ нысанның іргетасы қалануына ұйытқы болған Алмат Әли сауапты бастамаға демеушілік танытқан Хромтау кәсіпкерлеріне, Дөң тау-кен байыту комбинаты мен «Восход-Ориел» компаниясына ерекше ризашылығын білдірді.

Қос аудандағы тағылымды басқосуларда ақ дастарқан жайылып, Құран оқылып, ақсақалдар батасын берді. ҚМДБ жанындағы «Уақып» қорына өткен жаңа ғимараттар алдағы уақытта ел бірлігін нығайтып, қайырымдылық пен рухани-ағартушылық бағытта қызмет ететін берекелі ордаға айналмақ.

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі