Хромтау ауданының бас имамы «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасына сұхбат берді 6832

Хромтау ауданының бас имамы «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасына сұхбат берді

25 қараша 2026 25 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Ақтөбе облысы өкілдігіне қарасты Хромтау ауданының бас имамы Марал Иманғали республикалық «Мұнара» телеарнасының түсіріліміне қатысты. Ол белгілі журналист, дін маманы, РАТТ мүшесі Ақтолқын Тажикованың авторлық «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасында қонақ болып, бүгінгі қоғамдағы өзекті тақырып – қалалық жердегі көршілік қарым-қатынас мәдениеті мен оның шариғи әдептері жөнінде сұхбат берді.

Түсірілім барысында көпқабатты үйлерде тұратын тұрғындар арасында жиі кездесетін тұрмыстық жағдайларға діни тұрғыдан жан-жақты талдау жасады. Атап айтқанда, қала тұрғындарының бір-бірін жақын танымауы үйдің ішкі берекесі мен қоғамдық ауызбіршілікке қалай әсер ететіні және шариғаттағы «көрші ақысы» ұғымының терең мәні түсіндірілді. Сонымен қатар көпқабатты үйлердегі балалардың ойнауы, тұрмыстық дыбыстар мен көршінің демалыс құқығы арасындағы тепе-теңдікті сақтау әдебі сөз болды.

Сұхбатта түнгі уақытта домофон кілті істемей қалуы немесе ортақ тамбур есіктеріне қатысты жағдайларда өзгеге мазасыздық тудырмау мен қиындыққа тап болған бауырға көмектесудің шекарасы баяндалды. Одан бөлек, үйдің сыртқы ауласында автокөлік тұрағын бөлісу, кілем қағу немесе кір жаю сияқты ортақ аумақты пайдалану кезінде өзге тұрғындардың жолын бөгемеу мен құқығын бұзбау шарттары айтылды. Тұрғындардың WhatsApp және Telegram желілеріндегі ортақ чаттарында туындайтын пікірталастар кезінде ғайбат пен ауыр сөзден сақтанып, мұсылмандық тіл әдебін сақтау жолдары да назардан тыс қалмады.

Бағдарлама соңында Марал Иманғали тұрмыстық кикілжіңдерді сабырмен және бейбіт жолмен шешу тәсілдерін ұсынып, қала тұрғындарын Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Өзіңе қалаған жақсылықты көршіңе де қаламайынша, кәміл иман келтірген болмайсың» деген өсиетін басшылыққа алып, өзара сыйластық пен мейірімділік танытуға шақырды.

Айта кетейік, аталған бағдарламаның толық нұсқасы жақын күндері республикалық «Мұнара» телеарнасының эфирінен және арнаның ресми YouTube парақшасынан көрермен назарына ұсынылады.

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі