Ақтөбе: Облыстың Бас имамы түлектермен сұқбаттасты
Бүгін Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы мен облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев «Ақтөбе» медресе-колледжінің биыл бітіретін түлектерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында облыстың Бас имамы түлектерге оқуды жақсы бітірулеріне тілектес екенін айтып, бүгінгі таңдағы діни қызметтің маңыздылығын түсіндіріп, оларды Ақтөбе облысындағы мешіттерге қызмет етуге шақырды.
Сонымен қатар Ақтөбе облысындағы аудан, ауыл, қала мешіттерінің бүгінгі жағдайын баяндап, қызмет бабы бойынша сұранысқа ие орындарды да атап өтті.
Биыл оқу орнын 17 шәкірт бітіреді. Оның 4-і өңірдегі мешітке қызметке келетінін айтса, 4-і Нұр-Мүбараққа оқуға түсіп, білімдерін жалғастыру ойлары бар. Сонымен қатар 1 шәкірт медресе-колледжде қызметте қалғысы келетінін айтса, қалған бітірушілер өз өңірлерінде қызмет ету туралы ойларын білдірді.
Одан өзге облыстық дін істерінің басшысы дін маманына бүгінгі таңда жасалып жатқан материалдық жағдайға тоқталып, діни қызмет барысындағы жауапкершілік жайлы ақыл-кеңесін білдірді.
Шара қортындысында студенттер өздерін мазалаған сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.
Айта кетсек, түлектерді қызметке тағайындау жөнінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атына ұсыныс жолданады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі