Бас мүфти: Балаға қамқор болып, қолдау көрсету – біздің асыл міндетіміз! 1422

Бас мүфти: Балаға қамқор болып, қолдау көрсету – біздің асыл міндетіміз!

18 наурыз 2022 187 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барған Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Аяла» балаларды қолдау орталығында болып, бүлдіршіндерді қуанышқа бөледі.

Іс-шараға Бас мүфти кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай, Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов, Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы, облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Мұхаммедисмаил Шадман, МДБ-ның «Жастар ісі» секторының Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі Ержан Мизамов және БАҚ өкілдері қатысты.

Балаларға киім-кешек пен сыйлық үлестірген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Балаға қамқор болып, қолдау көрсету – біздің асыл міндетіміз. Сіздер ертең-ақ үлкен азамат болып, еліміз бен жеріміздің игілігі үшін қызмет ететін боласыздар. Ол үшін бүгін жақсы білім мен тәрбие алуларыңыз керек. Мұғалім мен тәрбиешінің сөзін мұқият тыңдап, бір-біріңізге жақын бауыр болып өссеңіздер үлкен жетістікке жетесіздер. Алла Тағала сіздерге жар болсын!» деді.

Ал «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды оңалту орталығының директоры Жаңылсын Нұрғалиева: «Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бізге келіп, ізгі лебізін білдіріп, балаларды қуанышқа бөлегені үшін алғысымды білдіремін. Жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!»-деп ақ тілегін айтты.

Айта кетсек, бүгінгі таңда орталықта 3 жастан 17 жасқа дейінгі аралықта 32 бала тәрбие алуда.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі