Ақтөбе: Облыстың Бас имамы «Берекелі мереке 9» кешінде қонақ болды
Бүгін Қасиетті Рамазан айының басталуына орай ҚМДБ Ақтөбе өкілдігі мен «Өнер қырандары» театрыны4 бірлесуімен Өнер орталығында «Берекелі мереке 9» рухани кеші өтіп, облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы арнайы құрметті қонағы болды.
Аталған кешті облыстың Бас имамы ашып, жиналған қауымды Рамазан айымен құттықтады.
«Рамазан – бүкіл әлемдегі мұсылман қауымы үшін рухани жаңару мен жаңғыру кезеңі. Қасиетті айда ырыс пен ынтымақ, ізгілік пен мейірім салтанат құрады. Отыз күн оразада мұқтаж жандарды қолдап, қайырымдылық көрсету игі дәстүрге айналады. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді.
Құдси хадисте Алла Тағала: Ораза – тек Мен үшін, оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...», -деген.
Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Алла Тағаланың разылығына бөленуге асығайық!» -деді Серікжан Еншібайұлы.
Ізгілікке бастау алған кеш барысында театр әртістері отбасы құндылығы, бала тәрбиесі, көрші ақысы, рамазан айының қадір қасиеті т.б қойылымдар қойып, әншілері қасиетті айды ұлықтайдын ән шырқады.
Сонымен қатар аталған кеш барысында ҚМДБ Ақтөбе өкілдігі атынан келген көрермендерге «Ораза тағлымы» атты кітап табысталды.
Ал кеш соңында театр директоры Мадияр Серікбаев пен актерлар өңірдегі «Мұнара» телеарнасының тілшісіне сұхбат берді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі