Ақтөбе: Облысқа қарасты мешіттер сенбілік жасады 6243

Ақтөбе: Облысқа қарасты мешіттер сенбілік жасады

28 наурыз 2026 55 Оқу 1 минут

Көктемнің шуақты күндерімен бірге дәстүрлі игі істер де жалғасын табуда. Жылдағы үрдіс бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақтөбе облысы бойынша өкілдігіне қарасты облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық мешіттер «Таза әлем» акциясы аясында кең көлемді сенбілік шараларын ұйымдастырды.

Сауапты іске мешіт қызметкерлерімен қатар, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған жамағат белсене атсалысты. Асар дәстүрін жаңғыртқан жамағат мешіттердің ішкі-сыртқы тазалығын толық жүргізіп, айналаны көркейтуге өз үлестерін қосты. Атап айтқанда, ағаш түптері қопсытылып, әктеліп, мешіт аулалары қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар, қоршаған ортаны көгалдандыру мақсатында түрлі жас көшеттер отырғызылды.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында, Алла тәубе етушілерді және тазаланушыларды жақсы көреді» деп баяндайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Тазалық – иманның жартысы» деген хадисінде мұсылман өміріндегі тазалықтың маңызын айқын көрсеткен.

Халқымыз да «Тазалық бар жерде – береке бар», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтпаған. Осындай бірлік пен ынтымақтың арқасында игі іс өз нәтижесін беруде.

Сенбілікке қатысып, сауапты іске үлес қосқан барша жамағатқа алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да иманның ажырамас бөлігі болған тазалық жұмыстары өз жалғасын таба бермек.