Хромтауда «Ислам және отбасы құндылығы» тақырыбында жиын өтті 6475

Хромтауда «Ислам және отбасы құндылығы» тақырыбында жиын өтті

27 маусым 2026 15 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкілдігіне қарасты Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде «Ислам және отбасы құндылығы» тақырыбында тағылымды жиын өтті.

Ауданның бас имамы Марал Иманғалидің төрағалығымен өткен басқосуға аудандық әйел-қыздар секторының жетекшісі Гүлсара Әлібекқызы мен әйелдер жамағатының белсенді өкілдері қатысты.

Жиын барысында отбасы институтын нығайту, исламдағы әйелдің орны мен мәртебесі, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен өзара құрмет, ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі сынды өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Сондай-ақ әйелдің отбасындағы рөлі, ұрпақ тәрбиесіндегі өнегесі және ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызы жайында тағылымды ойлар айтылды.

Кездесу барысында бас имам Марал Иманғали отбасының берекесі мен бірлігін сақтауда сабырлылық, түсіністік пен мейірімділіктің маңыздылығына тоқталып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Сонымен қатар әйелдер жамағатын толғандырған діни, тәрбиелік және әлеуметтік мәселелер төңірегінде пікір алмасу өтті.

Жиын соңында қатысушылар осындай рухани кездесулердің отбасы құндылықтарын нығайтуға, қоғамдағы татулық пен ауызбіршілікті арттыруға зор ықпал ететінін атап өтті.