«Ақтөбе» медресе-колледжі: Халал индустриясының дамуына арналған кездесу өтті 5028

«Ақтөбе» медресе-колледжі: Халал индустриясының дамуына арналған кездесу өтті

21 қараша 2025 135 Оқу 1 минут

«Ақтөбе» медресе-колледжінде ҚМДБ «Халал Даму» стандарттау және сертификаттау орталығының директоры Айбек Асқарбекұлының қатысуымен халал индустриясының даму бағыттары талқыланған кездесуі өтті. 

Басқосу барысында елімізде халал өнімдердің өркендеуіне жол ашатын негізгі тетіктер, саладағы өзекті мәселелер және алдағы жоспарлар кеңінен сөз болды.

Айбек Асқарбекұлы өз баяндамасында «Халал Даму» орталығының жалпы мақсат-міндеттеріне тоқталып, халал өнімнің тек діни талап қана емес, сонымен қатар адам денсаулығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті.

Сонымен қатар халал стандарттаудың халықаралық талаптарға сәйкестігі, кәсіпорындарды тексеру кезеңдері және өндіріс орындарындағы бақылау жүйесі туралы жан-жақты түсіндіріп, халал саласының елімізде тұрақты дамуы үшін жасалуы қажет нақты қадамдарды атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты күшейтудің маңыздылығын айтты.

Кездесуге қатысқан «Халал Дамудың» Ақтөбе облысы бойынша жауапты маманы, Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Әли өңірдегі халал стандарттау жұмыстарының жай-күйі мен өзекті бағыттарын кеңінен баяндады.

Бас имам кәсіпкерлерге қойылатын талаптар, сертификаттаудың кезеңдері және мұсылман тұтынушыларының құқықтарын қорғаудың жолдары жөнінде түсіндіріп, жергілікті деңгейде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлармен бөлісті.

Шара барысында медресе-колледж студенттері мен ұстаздар тарапынан сұрақтар қойылып, халал индустриясының қазіргі қарқыны мен болашағы жайлы мазмұнды пікір алмасу өтті.

Кездесу студенттердің салаға деген қызығушылығын арттырып, халал стандарттарының мәні мен қоғам үшін маңызын тереңірек түсінуге ықпал етті.

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі