«Ақтөбе» медресе-колледжі 10-шы түлектеріне диплом табыстады (ФОТО) 1822

«Ақтөбе» медресе-колледжі 10-шы түлектеріне диплом табыстады (ФОТО)

28 маусым 2022 327 Оқу 1 минут

Бүгін «Ақтөбе» медресе-колледжі түлектерінің бітіру кеші өтіп, 10-шы түлектеріне диплом табысталды.

Салтанатты шараға Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы, облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев, аталған рухани білім ордасындағы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Жексенбай Торбаев пен медресе-колледждің ұстазы Бауыржан Нұрғалиев қатысып, түлектерге лебізін білдірді.
Облыстың Бас имамы түлектерге білім жолының басты мақсат-міндетін айтып, ел дамуында дінге қызмет етуге шақырды.

«Бүгін міне, шәкірттеріміз үздік бітірген дәрежелерін көріп отырмыз. Түлектер мен шәкірттерге айтқым келеді, осы медресе қабырғасындағы уақытты тиімді пайдалану керек. Барынша уақыттарыңызды ілімге арнап, ұстаздардан толық білім алып шығыңыздар. Уақыт өтіп, жас келіп қалғаннан кейін ілім адамға қона бермейді. Сондықтанда осы медресе қабырғасында толыққанды білім алуға әрекет жасауымыз керек. Құранда Алла Тағала баяндайды: «Иман келтіргендердің және де білім бергендердің Алла Тағала дәрежесін көтереді». Бұл білім дегеніміз – Алланың берген нұры. Бізді қараңғылықтан жарыққа алып шығатын, жол көрсететін, адасудан сақтап қалатын бірден бір нәрсе ол – Алла Тағаланың берген білімі.

Медресенің ең бірінші мақсаты – мешіттерді имамдармен қамтамасыз ету екенін ұмытпағайсыздар. Биыл оқу ордасынан 17 шәкірт бітіріп, оның 13-і ҚМДБ төарағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің бұйырығымен имамдық қызметке тағайындалып жатыр. Жас түлек, диплом алу күні құтты болсын! Құрметті түлектер, әр уақытта осындай биіктен көрініп, «Ақтөбе» медресе-колледжінің атын жақсы жағынан шығаруға әрекет жасайық. Ал әрі қарай білімді жетілдіру үшін «Нұр-Мүбәрак» университетінде оқимын деген шәкірттерге зейіндеріңіз ашылсын деймін. Ол жақтада жақсы білім алып, елге қызмет етуге ниет білдірулеріңіз керек.

Құрметті жамағат, түлектердің ата-аналары баршаңызға бүгінгі іс-шарамыз құтты болсын! «Ақтөбе» медресе-колледжі дін жолына мамандар дайындауда қызмет ете берсін! Ал шәкірттерді тәрбиелеп, білім беріп жатқан ұстаздарға Алла разы болсын!»,-деді Серікжан Еншібайұлы.

Шара бітіруші үздік түлектердің бірі, Х республиқалық Құран жарысында 20 парадан ІІ орын иеленген Хабибулла қари Раушанның Құран оқып, Бас имам Серікжан Еншібайұлы батасын жасаудан басталды.

Сонымен қатар бұл кеште облыстық дін істері басқармасының басшысы: «Құрметті ата-аналар, ұстаздар, бітіруші түлектер! Үш жыл бойы ілім алып, медресенің табалдырығын аттағалы отырсыздар. Үлкен өмірге жолдама алғандарыңыз құтты болсын! Біздің облысымыздың өзінде 68 мешіт қызмет атқарып тұр.Ал 8 мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – жалпы діннің өркендеуін көрсетеді. «Ақтөбе» медресе-колледжі 10 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Жаңа Бас имам айтып кетті, 17 түлектің көбісі Ақтөбе облысында мешіт қызмет етуге ниетті екен. Алла разы болсын сіздерге! Сіздер Алла қаласа облысымызда діннің таралуына үлес қосады деп өзім сенемін. Түлектер, қадамдарыңыз оң болсын! Жамағатымызға асыл дінімізді насихаттай беріңіздер.Жолдарыңыз болсын, сәттілік сіздерге!», -деп құттықтады.

Айта кетсек, биыл 17 түлек бітіріп, оның 6-ы үздік атанды. Шәкірттерге құрметті қонақтар диплом мен қатар жұмысқа орналасу туралы Бас мүфтидің бұйрығын табыс етті.

«Құрметті жамағат, ағаларымыз,інілеріміз,апайлар,ата-аналарымыз! Шәкірттеріміздің бітіру кешіне келген қадамдарыңызға Алла Тағала сауаптардан жазсын. Біз шәкірттеріміздің кеше ғана келіп, бүгін қалай бітіргендерін білмей қалыппыз. Алла Тағала сіздерге қайрат берсін! Ілім алуға шыққан адамға Алла Тағала жәннатқа апарар жолды жеңіл етеді. Алла қаласа, жәннаттқа баратын жолдың жеңіл түрін көрсетеді деп ойлаймыз. Жаратушы Жаббар Иеміз шәкірттердің жолдарын ақ, еңбектерін жемісті қылады деген сенімдеміз!»,-деп Бауыржан Нұрғалиев ұстаз шәкірттерге ақ батасын берді.

 Бітіру кешінде шәкірттер ғибратқа толы қойылып қойып, ата-аналар ұстаздарға алғысын айтты.

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі