25 Шәууәл
Кәсіпкерлер мешітке жаңа Автокөлікті «Уақып» етіп табыстады 4417

Кәсіпкерлер мешітке жаңа Автокөлікті «Уақып» етіп табыстады

11 сәуір 2025 537 Оқу 1 минут

Ақтөбе қаласы Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіне жергілікті кәсіпкерлер су жаңа Chevrolet Cobalt автокөлігін «Уақып» қылып сыйға тарту етті. Жұма намазына жиналған жамағат алдында Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев қызметтік автокөлік сертификатын мешіттегі дін қызметкерлеріне табыстады.

Бас имам сондай-ақ Алла Тағаланың Құранда «Уа, иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!» деген аятқа амал етіп, асыл дініміз Исламның қызметі жолында бірігіп, жомарттық танытқан 9 кәсіпкерге Алланың разылығын тілеп, алғысын айтты.

Бұл игі іс жергілікті дін қызметкерлеріне ислам дінін насихаттап, қызметтерін одан әрі жандандыруға ықпал ететін шаралардың бірі болды.

Асыл дініміз Исламда қайырымдылық атаулының ең құрметтісі уақып деп танылады. «Уақып» сөзі шариғатымызда белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында жұмсауды уақып деп атаймыз. Уақып қылып автокөлік табыстаған кәсіпкерлерге сауабы үзілмей барып тұрсын деп тілейміз.