Ақтөбе өкілдігі облыс жамағатының басын қосты (ФОТО) 2829

Ақтөбе өкілдігі облыс жамағатының басын қосты (ФОТО)

04 шілде 2023 509 Оқу 1 минут

Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлының ұйымдастыруымен мұсылманның ұлық мерекесі – Құрбан айт мерекесіне орай дініміз бен дәстүрімізді насихаттау мақсатында «Ислам және ізгі қоғам жылы» аясында табиғат аясында облыс жамағатының басын қосты. 

Ізгі басқосуға 12 аудан мен 11 қала, 1 облыстық мешіттің жамағаты мен ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатысты.

Облыстың Бас имамы «Береке бастауы – бірлік пен бейбітшілік» тақырыбында насихат айтты.

«Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін негізгі қағидаларды талап етеді:

1. Өзгенің ақысына қол сұқпау: әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, мұсылман бауырына зиянын тигізбеуі керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз былай дейді: «Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді» (Бухари риуаяты).

2. Әділ болумен жақсы қатынас жасау: адам өмірінің бір қалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін бұл басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Құранда бұл жайында былай дейді: «Анығында Алла адамдарды әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды» (Нахыл сүресі, 90-аят).

3. Жақсы мінезге ие болу: ислам жақсы мінез-құлықтан тұрады. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Алла Тағала мұсылмандарға барлық жақсы амалды жасауды бұйырып, жаман іс-әрекет пен қылықтан аулақ тұруды әмір етті.

4. Сенім еркіндігі: ислам ешкімді діни сенімі үшін айыптамайды. Дінге көркем мінезбен, парасаттылықпен шақыру жолын ұсанған абзал.

5.Мейірімді және кешірімді болу: ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірмді болуды бұйырады. Аятта былай дейді: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф сүресі, 199-аят)»- деп Серікжан Еншібайұлы береке бастауы – бірлік пен бейбітшілік екенін баяндады

Сонымен қатар табиғат аясындағы демалыста жүлде қоры 250 000 теңгені құраған ұлттық спорт түрлері мен білім додасынан сайыс өтті.

Атап айтсақ, қазақша күрес, қол күрес, ләңгі тебу, садақ ату, фиқһ, ақида, сира аясында білім сайысы және волейбол ойыны т.б.

Жарысқа қатысушылардың арасында үздік деп танылған қатысушыларға қаржылай сыйақы мен облыстың Бас имамы атынан алғыс хат табысталды.

Одан өзге ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшелері мен жамағат ұйымдастырған имамдарға алғысын білдірді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі