САБЫР 6187

САБЫР

09 наурыз 2026 1 Оқу 1 минут

Сабыр − адамзатты кемелдік шыңына жетелейтін ең асыл қасиеттердің бірі. Бұл қасиет адам баласына әуелден Жаратушы тарапынан берілген жетістікке қол жеткізудің сырлы кілті.

Жалпы, сабыр (صَبْرٌ – сабрун) сөзінің тілдік мағынасы «шыдамдылық ету» дегенге келеді. Шариғаттағы мағынасы Алла Тағаланың разылығы үшін өмірдегі қиындықтарға төзу, шыдамдылық ету.

Халқымыз да «Сабыр түбі-сары алтын»«Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деп сабырға байланысты нақылдар айтқан.

Әрбір сәтсіздікті Ұлы Жаратушының сынағы деп қабылдап, оған сабырмен, төзіммен қарауымыз керек. Қиындықтар кездессе, оған сабыр ету  – болашақта адамға келетін нығметтердің, жетістіктердің басы деп қабылдауымыз қажет. Қазақтың «Әрбір істің қайыры бар» деген сөздері осындайда еріксіз еске түседі.

Бұл жайында Құран Кәрімнің «Әли Имран» сүресі, 146-аятында:

وَٱللَّهُ يُحِبُّ ٱلصَّابِرِينَ

«Алла сабыр етушілерді жақсы көреді», – делінсе, «Нахл» сүресінің 96-аятында:

وَلَنَجْزِيَنَّ ٱلَّذِينَ صَبَرُوۤاْ أَجْرَهُمْ بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ

«Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз», – деп айтылады.

Қасиетті Құран Кәрімде сабырлылықтың хикметі туралы жетпіске жуық аят бар. Алла Тағала «Бақара» сүресінің, 153-аятында:

يَآأَيُّهَا ٱلَّذِينَ آمَنُواْ ٱسْتَعِينُواْ بِٱلصَّبْرِ وَٱلصَّلٰوةِ إِنَّ ٱللَّهَ مَعَ ٱلصَّابِرِينَ

«Уа, иман келтіргендер, сабыр және намазбен көмек сұраңдар! Күмәнсіз Алла сабыр етушілермен бірге», – деп бұйырады.

Жалпы, сабырлылықты бірнеше тақырыптарға бөліп қарастыруға болады.

Бірінші: қиындықтарға сабырлы болу

Мына жалған дүниеде кез келген пенденің басына талай қиындықтар мен қайғылы жағдайлар келетіні хақ. Өйткені өмірде қуаныш пен қайғы қатар жүреді. Бұл – өмірдің өзіндік заңдылығы.

Ұлы Жаратушы Құран Кәрімде:

وَلَنَبْلُوَنَّكُمْ بِشَيْءٍ مِّنَ ٱلْخَوْفِ وَٱلْجُوعِ وَنَقْصٍ مِّنَ ٱلأَمَوَالِ وَٱلأَنفُسِ وَٱلثَّمَرَاتِ وَبَشِّرِ ٱلصَّابِرِينَ

«Сөзсіз сендерді қорқынышпен, аштықпен және дүние-малдарыңды, жандарыңды әрі жемістерді азайту арқылы сынаймыз, алайда сабыр етушілерді сүйіншіле!» – деген («Бақара» сүресі, 155-аят).  

Демек, бұл жалғанда кез келген пенде қауіп-қатер, жоқшылық, таршылық, адам және мал шығыны сынды қиын да қайғылы жағдайлармен сыналады. Дегенмен, Алла Тағала жоғарыдағы аяттың жалғасында қиындықтар алдында ұстамды болып, сабыр еткен жандарды зор сауап күтіп тұрғандығын ескертеді.

Екінші: көркем мінез көрсетуде сабырлы болу

Ғалымдар: «Ислам үш нәрседен құралады. Ол: иман, шариғат және көркем мінез. Бойында осы үш қасиет болмаған адам кәміл мұсылман бола алмайды», – деген. 

Имам Хасан (Алла оны рақымына алсын): «Көркем мінез дегеніміз – кеңпейілдік, жомарттық пен сабырлылық», – деген екен.

Ал имам Ахмад (Алла оны рақымына алсын): «Көркем мінез дегеніміз – ашуды баса білуің және кек сақтамауың, адамдардың қылықтарына сабыр етуің», – деген екен.

Үшінші: ауруға сабыр ету

Ата ибн Рабахтан (Алла оны рақымына алсын) жеткен сахих хадисте былай делінген: «Маған ибн Аббас (Алла оған разы болсын):

 

 – Саған жәннаттық бір әйелді көрсетейін бе? – деді. Мен:

 – Иә, көрсетіңіз, – дедім. Сонда ол:

Мына қара әйел Алланың Елшісіне (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Мен талма ауруымен ауырамын. Талып қалған кезімде үсті-басым ашылып қалады. Алла Тағалаға мен үшін дұға етіңіз», – деп өтінді. Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

Егер, қаласаң сабыр ет, жәннатқа кіресің. Қаласаң ауруыңа шипа берсін деп Алла Тағалаға дұға етейін», – деді. Сонда, әлгі әйел:

Сабыр етемін, – деді. Сосын ол: «Үстім ашылып қалады. Ашылып қалмауым үшін Аллаға дұға етіңіз», – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған дұға жасады».

Алла Тағала баршамызға көркем сабыр беріп, отбасымыз бен елімізге тыныштық пен береке нәсіп етсін. Қиындыққа мойымайтын күш-қуат беріп, әр ісіміздің соңын қайырлы еткей. Жаратқан Иеміз құлшылықтарымызды қабыл алып, екі дүниенің бақытына бөлесін!