РАНТ мүшесі ұстазы: Діни және дүниелік білім - қос қанат
«Ислам және адал қоғам» жылы аясында Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің жанындағы асханада жамағатқа арналып дастарқан жайылып, ауызбіршілікті нығайту мақсатында айлық отырыс өтті. Тағылымды жиынға аудандық мешіт жамағатымен қатар Ақжар және Бөгетсай ауылдық мешіттерінің жамағаты да қатысты. Басқосу барысында рухани тәрбие мен бірліктің маңызы кеңінен насихатталды.
Жиында РАНТ мүшесі Жандос Орынбайұлы «Діни біліммен қатар дүниелік білімді игерудің маңыздылығы» тақырыбында уағыз айтып, ислам дінінде білім алудың орны ерекше екенін атап өтті. Ол ата-бабаларымыздың діни ілімді терең меңгере отырып, дүниелік ғылымда да биік жетістіктерге жеткенін, түрлі жаңалықтар ашып, өркениетке үлес қосқанын тілге тиек етті.
Уағыз барысында Жандос Орынбайұлы өмірден алынған нақты мысал келтіріп, өзінің шәкірті болған жас жігіттің жетістігімен бөлісті. Оның айтуынша, Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алған оқушының Құран жаттауға деген ықыласы оянып, ұстазының бағыт-бағдар беруімен қасиетті кітапты жаттауға кіріскен. Табандылық пен ықыластың нәтижесінде ол аз уақыт ішінде хафиз атанып, тарауық намазында имамдық ету деңгейіне жеткен.
Сонымен қатар, жас жігіт діни біліммен шектеліп қалмай, дүниелік ғылымға да ден қойып, ізденісін тоқтатпаған. Соның нәтижесінде әлемнің 180 елінен өнертапқыштар қатысқан халықаралық байқауда топ жарып, бірінші орынға ие болған. Бұл – білімнің екі бағытын қатар меңгерудің нақты жемісі екені айтылды.
Осындай тағылымды мысалдар арқылы Жандос Орынбайұлы жамағатты білім алуға, үздіксіз ізденіске шақырып, армандаудан және мақсат қоюдан ешқашан кеш қалмау керектігін жеткізді. Кездесу соңында жамағат рухани әсер алып, мұндай басқосулардың маңыздылығын атап өтті.










































