Ақтөбе имамдары 163 отбасыға қайырымдылық жасады 585

Ақтөбе имамдары 163 отбасыға қайырымдылық жасады

18 наурыз 2021 175 Оқу 1 минут

ҚМДБ «Зекет» қорының Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен облыс мешіттерінің имамдары жергілікті жаны жомарт демеушілердің көмегімен әртүрлі қайырымдылық шараларын белсенді түрде өткізіп келеді. Көмек алушылардың қатарында көпбалалы отбасылар, мүгедектікке шалдыққан жарымжан азаматтар, жетім-жесірлер мен аз қамтамасыз етілген мұқтаждар бар.

Биылғы жылдың ақпан айында ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» бөлімінің бастамасымен Мұғалжар, Ойыл аудандары мен «Нұр Ғасыр» мешіті «Әйел-қыздар» секторымен бірлесіп, Ақтөбе қаласы, «Қабақ баба» мешіті «Мұқтаждың мұңын бөліс» акциясы аясында 26 отбасыға 410 келі азық-түлік қайырымдылық дорбаларын үлестірді.

Қасиетті жұма күнінің құрметіне орай бастау алған ««Қайырымды жұма» акциясы аясында «Нұр Ғасыр» мешіті «Әйел-қыздар» секторымен бірге, Ақтөбе қаласының мешіттері және Шалқар, Қарғалы, Темір, Ырғыз, Қарғалы, Хромтау аудандары имамдары 60 отбасыға 1231 келі азық-түлік таратты.

«Нәпіл құрбандық» акциясы аясында Темір, Алға, Мұғалжар ауданы мешіттері 22 отбасыға 150 кг құрбандық етімен қайырымдылық жасаса, «Қолдан қолға» акциясы аясында «Зекет» қорының облыстық өкілдігі мен Мұғалжар, Мәртөк, Әйтеке би, Темір ,Алға, Қобда, Ырғыз, Шалқар ауданы және Ақтөбе қаласы, «Қабақ баба» мешіттерінің дін қызметкерлері 26 адамға қаржылай көмек берді.

Жас сәбиге қамқорлық ретінде құрылған «Үміт сыйла сәбиге» акциясы аясында Ойыл аудандық мешітінің бас имамы Н.Серікұлының бастамасымен жамағат тарапынан науқас сәбидің еміне қаржылай көмек көрсетілді.

Сондай-ақ, Исламдағы зекеттің парыздығын насихаттау бойынша ауданда жүргізілген жұмыстың нәтижесі бойынша Темір аудандық «Досжан ишан» мешітінің бас имамы Қ.Дәрменнің ұйымдастыруымен аз қамтылған 1 отбасыға 30 келілік 1 қой садақа етілді.

Сонымен қатар, жергілікті демеушілердің атсалысуымен «Жылулық сыйла» акциясы аясында жалпы сомасы 4 миллион 183 мың теңге қаражатқа қайырымдылық жасалды.

Осылайша ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша мешіттері ақпан айында 109 адамға 1 034 700 теңгеге 1 тонна 821 кг азық-түлік, 28 адамға 1 285 000 теңге қаржылай, 14 адамға 4 038 000 теңгеге заттай және 12 адамға 145 000 теңгеге киім-кешекпен қайырымдылық жасады.

Алла тағала жомарттық танытып, қайырымдылық жасаған барша мұсылман жамағатқа разы болғай!

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің бапасөз қызметі