Ақтөбеде тағы бір кәсіпорын халал сертификатын алды
Сүйінші! Бүгін Ақтөбе қаласында «Жер тандыр» атты кафе халал сертификатына ие болды. Облыстың бас имамы Амантай Садиев ҚМДБ «Халал Даму» мекемесінің сертификатын жұма намазынан келген жамағат алдында кафе иесіне салтанатты түрде табыстады. Бұл Ақтөбе облысы бойынша сертификат алған 16-шы кәсіпорын. Енді халал сертификатын алғаннан кейін өнімдеріңізге деген сұраныстың артатыны сөзсіз. Бұл сертификат сіздерге үлкен жауапкершілікті жүктейді. Аталмыш сертификаттың артында адал асқа деген халықтың сенімі жатыр. Осы сенімді ақтап, халыққа адал ас ұсынуға деген талпыныстарыңызға Алла сауаптан жазсын», - деді Бас имам өз сөзінде.
Міне, осы өнімдердің халал стандартына сай екендігін алдағы уақытта «Халал Даму» мекемесінің Ақтөбе облысындағы өкілі Алмат Әли тексеріп отыратын болады.
Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбе облысында 2024 жылы 15 кәсіпорын жаңадан «Халал Даму» сертификатын алды. 20 кәсіпорын сертификатын жаңартты. 244 рет мекемелер ай сайынғы тексерістен өтті. 10 қасапшы «Халал Даму» сертификатын алды. Қасапшыларға 3 рет семинар өткізілді. «Халал» тақырыбында 19 іс-шара өткізілді. «Халал» тақырыбында жарияланған материалдар саны – 95. «Халал Даму» мекемесінің басшысы және технолог мамандар облысқа арнайы іс-сапармен келіп, бірқатар кәсіпорындарына тексеріс жұмыстарын жүргізді.