Ақтөбе: Имамдар жылды қорытындылады 376

Ақтөбе: Имамдар жылды қорытындылады

21 қараша 2020 404 Оқу 1 минут

21 қараша күні «Мешіт қызметі: 2020 жыл жұмысын қорытындылау» атты Ақтөбе өкілдігінің кезекті жиынында қала, аудан имамдарының есебі тыңдалды. Есеп беру жиналысы Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары М.Шермағанбет, Дін істері басқармасының басшысы Ә.Тұралиев, облыстың Бас имамы Төлеби Оспан және қала, аудан бас имамдары және мешіт қызметкерлері қатысты. 

Алқалы жиынды өңірдің Бас имамы Төлеби Дәділұлы ашып жүргізді. Жиында имамдар ҚМДБ-ның тапсырмаларына сәйкес, негізгі 4 бағыт бойынша: уағыз-насихат, оқу-ағарту, теріс ағыммен жұмыс, қайырымдылық шараларына қатысты жыл бойы жүргізген жұмыстарын егжей-тегжейлі баяндады. Сондай-ақ, «2020 жыл – еріктілер жылы» аясында атқарылған қоғамдық шаралар, ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай жүргізілген жұмыстар, әйел-қыздар секторының жұмысы, діни оқу орындарына шәкірт даярлау, мешіт құжаттарын рәсімдеу, діни рәсімдердің орындалу барысын қадағалау, шаруашылық шаралары сынды мәселелер бойынша да есептері тыңдалды.

ҚМДБ 30 жылдыққа – 30 шара 

ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай, Ақтөбе облысында төмендегі ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылды. Мысалы, ұзындығы 80 метрді құрайтын 2 000 000 теңгеге 2 көпір салынды. Көпшіліктің демеушілігімен 2 500 000 теңгеге ұзындығы 1600 метрлік 1 мұсылмандар зираты қоршалды. Ауыл имамдарының біліктілігін көтеріп, діни қызметке деген қызығушылығын арттыру мақсатында ауыл имамдарының арасында облыстық білім сайысы өтті. Жалпы жүлде қоры 525 000 теңгені құрайды. Байғанин аудандық мешітінің сырты 3 100 000 теңге қапталса, Кемирши ауылдық мешітінде күрделі жөндеу жұмыстары 3 500 000 теңгеге жүргізілді.

Мешіт қызметіне мониторинг

Өкілдік тарапынан қала, аудан мешіттерінің жұмысына арнайы талдау жасалып, көрсеткіштеріне қарай баға берілді. Ақтөбе қаласы, Алға, Шалқар, Мұғалжар, Хромтау аудандарындағы жүргізілген нәтижелі жұмыстарға өкілдік тарапынан оң баға берілді. Ақтөбе қаласындағы 3 мешітке онлайн садақа қабылдайтын терминалдар орнатылды. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қолдауымен Темір, Мұғалжар, Қобда аудандық мешіттерінің кілемі жаңартылды. Хромтау ауданында «Жастар ісі» секторы мен аудандық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен Хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған қара сөздері мен өлеңдерін жатқа оқудан облыстық байқау өтті. «Ел үлесі пәтерге» акциясына атсалысқан мешіттер бойынша – «Нұр Ғасыр» мешіті мен Темір, Шалқар, Хромтау, Мұғалжар аудандары үздік деп танылды. Карантинге байланысты «Нұр Ғасыр» мешітінде онлайн құран хатым түсірілді.

Қайырымдылық шараларының көрсеткіші

Ақтөбе мешіттері атқарған жылдық жұмысын қорытындылап айтар болсақ, Бас мүфти бастамасымен тұңғыш рет қашықтан құрбан шалу рәсімі ұйымдастырылып, облыс бойынша – 2278  адамға 11 тонна 397 келі құрбандық еті таратылды. «Мектепке жол» акциясы аясында 2 409 150 теңгеге 273 балаға оқу құралдары мен сөмкелер сыйланды. 299 адамға қаржылай 11 575 000 теңге көлемінде көмек көрсетілді. 4811 отбасыға 7тонна 627 келі азық-түлігі таратылды. «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында 22 400 000 теңгеге Ақтөбе қаласы, Темір, Хромтау, Шалқар, Мұғалжар аудандарынан 8 пәтер мұқтаж отбасылар мен имамдарға әперілді. Ақтөбе қаласында жаңадан 1 мешіт пайдалануға берілді.

Діни кадр даярлау ісі

Биылғы жаңа оқу жылында еліміздегі діни оқу орындарына 61 ақтөбелік түсті. Олардың ішінде – «Нұр Мүбәрак» университетіне 23 студент, медресе-колледждерге 38 студент қабылданды. Ал, жалпы діни оқу орындарында 161 ақтөбелік білім алуда.

ҚМДБ 30 жылдық мерейтойына орай, имамдарды марапаттау

Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет карантин кезінде қайырымдылық шаралары мен діни рәсімдерді атқарып, халыққа рухани қолдау көрсеткендері үшін барша облыс имамдарына алғыс білдірді. Сонымен қатар Мейрамбек Зинабдинұлы биыл діни қызметте белсенділік танытқан 4 имамды облыс әкімі Оңдасын Оразалинның атынан марапаттап, Мәртөк ауданындағы «Зәру» шипажайына жолдама табыстады.

Өңір басшысы О.Оразалинның марапатына – діни тұрақтылықты сақтау, діни оқу орындарына шәкірт жіберу және қайырымдылық шараларын ұйымдастырудағы белсендігі үшін Алға аудандық мешітінің Бас имамы Әбдіуахит Әбдірасулов, діни тұрақтылықты сақтау, діни оңалту жұмыстарын жүргізу, «Ел үлесі пәтерге» акицясын ұйымдастырудағы белсендігі үшін Шалқар аудандық мешітінің Бас имамы Бақыт Тойшыбаев, діни тұрақтылықты сақтау, діни оңалту жұмыстарын жүргізу, мешіт құжаттарын рәсімдеу және қайырымдылық шараларындағы белсендігі үшін Мұғалжар аудандық мешітінің Бас имамы Әсемхан Ерғазин және діни тұрақтылықты сақтау, діни оқу орындарына шәкірт жіберу, ауыл зиратын қоршауды ұйымдастырғаны үшін Хромтау ауданы, Ақжар ауылдық мешітінің имамы Баекенов Қашақбай ие болды.

Қорытынды жиналыста бұдан өзге әр түрлі бағыттарда белсенділік танытқан имамдар ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай марапатталды. Нақтырақ айтқанда, діни кадр даярлау ісіне қосқан үлесі үшін «Ақтөбе» медресе колледжінің Директоры Әбдімүтәліп Дәуренбековке Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Зәру» шипажайына 2 кісілік жолдамасы табысталды.

Сондай-ақ, Бас мүфтидің қаржылай марапаты – Нұрбол Смағұлов пен Шынболат Үмбетовке муфтият жоспарларын тиянақты жүргізгені және оңалту жұмыстарына қосқан үлесі үшін 100 000 теңгеден, биыл университетті бітіріп, шалғай аудандарға діни қызметке барған Абай Шымболатов пен Зарлық Ералинге жас діни маманға Бас мүфтидің қолдауы ретінде 50 000 теңгеден қаржылай сыйақы берілді. Байғанин ауданы, Кемирши ауылдық мешітінің имамы Ешимов Фархатқа ауыл мешітін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізгені үшін 50 000 теңге, «Досжан хазрет» мешітінің ұстазы Ақжарқын Жілісбаеваға оңалту жұмыстарындағы белсенділігі үшін 50 000 теңге, Әйел-қыздар секторының Ақтөбе облысындағы жауапты өкілі Кошкарова Кенжегүлге қайырымдылық шараларын ұйымдастырудағы белсенділігі үшін және «Халал Даму» мекемесінің Ақтөбе облысындағы өкілі Әбдісаламов Жарасханға Ақтөбе облысындағы халал өнім ұсынатын мекемелерді көбейтуге қосқан үлесі үшін 25 000 теңгеден сыйақы берілді. Бұдан бөлек «Рамазан 2020» мобильді қосымшасын әзірлеп, ақпарат таратудағы белсенділігі үшін «Nurgasyr.kz» сайтының программисті Букатаев Руслан және әлеуметтік желідегі белсенділіктері үшін Ақтөбе қалалық мешітінің хатшысы Аймаханова Гүлсамал, Ембі қалалық «Нұр» мешітінің найб имамы Қойшыбай Төлеген, Шалқар аудандық мешітінің ұстазы Тілеубай Жұлдыз және Шалқар ауданы, Жанаман ахун мешітінің ұстазы Бақытғалиева Арай 20 000 теңге сыйақымен марапатталды.

Шындығында биылғы жыл еліміз үшін оңайға соқпады. Бұл індет мешіттерімізді де айналып өтпеді. Алайда, соған қарамастан Ақтөбе имамдары карантин кезінде халықтың жанынан табылып, қайырымдылық шараларын ұтымды ұйымдастыра біліп, онлайн фарматта жамағатқа діни бағыт-бағдар беруге тырысты. Облыс әкімі О.Оразалин мен Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының марапаттауы барша имамдардың алдағы уақытта діни қызметте белсенді болуына күш-жігер береді деп сенеміз.

Бас мүфти бастаған барша дін қызметкерлерінің ел тұтастығы мен татулығы жолындағы қызметтеріне Алла Тағала жар болғай! Әумин!

 

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің 

Баспасөз қызметі