15 Зул-Қағда
Ақтөбе: Бас мүфти 4 отбасыға баспана кілтін табыстады 4361

Ақтөбе: Бас мүфти 4 отбасыға баспана кілтін табыстады

24 наурыз 2025 138 Оқу 1 минут

ҚМДБ төрғасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе облысына келген арнайы жұмыс сапары барысында «Рамазан — ынтымақ пен ізгілік айы» атты ауызашар кешінде 4 отбасыға «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық акциясының 819, 820, 821 және 822-баспаналарының кілтін табыстады.

Атап айтар болсақ, 819-баспана ерекше бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Назгүл Айыпқызына берілді. Ал 820 және 821-баспаналар көп балалы жалғызбасты аналар Гүлзабира Сейітқалиқызы мен Орынгүл Қойшыбайқызына табысталды. Сонымен қатар 822-баспана дәстүрлі діннің насихатына үлес қосып жүрген дін қызметкері, Ақтөбе облысы бойынша «Шариғат және пәтуа» бөлімінің жауапты маманы, облыстық «Нұр-Ғасыр» мешітінің ұстазы Талғат Амановқа берілді.

ҚМДБ Төрағасы баспана кілттерін иелеріне табыстап, шаңырақтарына құт-береке тіледі.

Одан өзге отбасыларға баспана табыстауда демеушілік танытқан жаны жомарт, дін жанашыры, кәсіпкер Нұржан Нұрланұлына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыстады. 

Баспана иелері, бұл қуанышты ауызашар кешінде естіп, қуаныштан көз жастарына ерік берді. Ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Ерекше бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Назгүл Айыпқызы «Біз тек ауызашарға келгенбіз, мұндай бақыт бұйыратынын білмедік. Жүрегім толқып тұр. Баспаналы болу біздің үлкен қолжтпес арманымыз еді. Ай сайын жалға пәтер жалдап жүрміз. Барлық қаржы баламның еміне жұмсалып жатыр. Бұл менің қызымның қуанышы. Сіздерген рақмет. Ерекше алғысымды білдіремін» деп «Мұнара» арнасына сұхбат берді.

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі