Ақтөбе: Имамдар мен жамағат табиғат аясында басқосты 2754

Ақтөбе: Имамдар мен жамағат табиғат аясында басқосты

07 маусым 2023 705 Оқу 1 минут

ҚМДБ биылғы жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялады. Осы жылдың аясында Ақтөбе қаласы мешіттерінің жамағаты арасында «Бірлігі жарасқан жамағат» атты табиғат аясында басқосу шарасы өтті.

Шара Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлының бастамасымен әрі қала имамдарының қолдауымен жоғары деңгейде өткізілді.

Шараның басты мақсаты – жамағат арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақты арттырып, әрі дінге, қоғамға қызмет етіп жүрген азаматтардың басын қосып, одан әрі бірлесе жұмыстар атқаруға деген ниетті арттыру.

Аталған шараға Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы арнайы қатысып, жамағат бірлігінің маңыздылығы мен олардың бір-бірін қолдауының қаншалықты жоғары екендігін атап өтіп, ұйымдастырушыларға өз алғысын білдірді. Сондай-ақ бұл басқосуға ондық алқа және белсенді жамағат мүшелері, мешіт жанашырлары мен қоғамның дамуына үлес қосып жүрген азаматтар қатысып, қала мешіттерінің имамдары мен жамағатынан 200 адам қамтылды.

Табиғат аясында өткізілген шара барысында қол күрес, арқан тартыс, ләңгі тебу, гір тасын көтеру,қазақша күрес секілді ұлттық ойындар насихатталып, одан өзге имамдар арасында да түрлі спорттық ойындар өткізілді. Тартысқа толы спорт сайыстарының жеңімпаздары мен белсенділеріне арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Ұйымдастырылған іс-шара тек қана табиғат аясында демалыс ұйымдастыру емес, одан бөлек белсенді азаматтар басқосуында руханият, қоғамға пайдалы болу, елге қызмет етіп, барынша жан-жақты мұсылман болу мәселелері де талқыланып, келелі ойлар айтылды.

Шараның осындай ауқымды деңгейде өтуіне атсалысқан қала мешіттерінің жамағаты мен шәкірттеріне ерекше алғыс айтып, атқарған келелі қызметтеріне сансыз сауаптар жазылуына тілектестік білдіреміз.

Аталған, іс-шара алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі