Ақтөбе: РАНТ мүшесі облыстық мешітте насихат айтты
Республикамызға танымал ұстаз, Жамбыл облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің имамы, РАНТ мүшесі Нұрәлі Бақытұлы Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде насихат айтты.
РАНТ мүшесі бесін намазынан алдында көрші ақысы туралы уағыз айтып, адам өмірінде және Исламда көрші ақысының маңыздылығына баяндады.
«Әрбір мұсылман баласы үшін көршінің 3 түрі болады. Мысалы, сіз туысыңызбен қатар қоныстандыңыз дейік. Олай болса ол кісінің сізде, сіздің ол туысыңызда үш түрлі: туыстық, мұсылман бауыр ретінде, және көршілік ақыңыз бар. Енді бір көршіңіз туыс емес, бірақ діндес, оның екі ақысы болады. Үшінші, тек көршілік қана ақысы бар, бірақ өзге діндегі, туыс емес, тек қатар қоныс тепкен көршілер кездеседі. Бұл адамның сізде, сіздің онда көршілік ақыңыз бар» деп дініміз көрші ақысына айрықша мән беріп, оның қуаныш-қайғысына ортақтасуды, қателіктеріне кешірімді болып, ішер асыңмен де бөлісу маңызды екендігіне тоқталды.
Еске салсақ, Нұрәлі Бақытұлы «Ар-Рахим» мешітінде жұма уағызын өтті.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі








































