Хромтау: Ауызашарда зияткерлік ойын ұйымдастырылды
ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігіне қарасты Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен Рамазан айының жоспарына сәйкес қасиетті ай бойы жамағатқа ауызашар беру игі дәстүрге айналды. Жақсылықты үміт қылған азаматтар сауапты іске үлес қосып, дін мен ұлтқа бөлінбей, қайырымдылыққа жарыса атсалысуда.
Күн сайын мешіт асханасында 250 адамға арналып дастарқан жайылып, жамағат бірлік пен бауырмалдықтың үлгісін көрсетуде. Ауызашар барысында рухани әңгімелер өрбіп, ел мен жердің амандығы, жұрттың тыныштығы үшін дұға жасалады.
Кезекті басқосулардың бірінде жамағат арасында зияткерлік ойын ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды. Хромтау ауданының бас имамы Марал Иманғали жүргізген сұрақ-жауап сайысында сауалдар Құран аяттарындағы оқиғалар мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сирасы төңірегінде қойылды. Жиналған көпшілік жоғары белсенділік танытып, сұрақтарға жедел әрі нақты жауап беріп, діни білімдерін көрсете білді.
Дастарқан соңында ақсақалдар бата беріп, ауызашар ұйымдастырған азаматтарға алғыстарын жеткізді.










































