Облыстың Бас имамы «Ақтөбе» медресе-колледжіне арнайы барды 668

Облыстың Бас имамы «Ақтөбе» медресе-колледжіне арнайы барды

18 маусым 2021 249 Оқу 1 минут

Кеше, ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша Бас имамы Серікжан Еншібайұлы Алға ауданы, Бестамақ елдімекенінде орналасқан «Ақтөбе» медресе-колледжіне арнайы іс-сапармен барды.

Бас имам алдымен медресе-колледждің оқу ғимараты, жатақханасы және жанынан салынған спорт кешенінің тыныс-тіршілігімен танысты. Одан соң рухани білім ордасында діни білім алып жатқан бірінші және екінші курс студенттерімен кездесті. Ислам білімінен сусындап нәр алып жатқан шәкірттерге білім алудың артықшылығы мен сол жолда ықылас және ниеттің маңыздылығын түсіндірді. Болашақ дін қызметкерлеріне батасын беріп, оларға білім жолында сабырлық пен қажымас қайрат тіледі. Өз кезегінде шәкірттер арнайы келген Бас имамға сұрақтарын қойып, мазалаған сұрақтарына тұшымды жауап алды.

Кейін аталмыш Бестамақ елдімекенінде құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгелі тұрған болашақ қыздар медресесінің ғимаратымен танысты.

Сонымен қатар, «Ақтөбе» медресе-колледжінің қарамағындағы егін және мал шаруашылығы орналасқан орталықтарды аралады. Оқу орнының директоры, ұстаз Әбдімүтәлі Дәуренбеков өз сөзінде: «Көкөністерді өсіріп, жылқы малын асырап, сол арқылы шәкірттеріміздің ас-суын қамтамасыз етіп отырмыз. Сондай-ақ, артылғанын саудалау арқылы медресеміздің қаржылық жетіспеушілігін шешетін кіріс ретінде пайдаланып отырмыз» деп айтты.

Артынша Облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы Ақтөбе қаласы, Батыс-2 шағын ауданынан салынып жатқан болашақ «Ақтөбе» медресе-колледжінің жеріне барды. Құрылыс ғимараттарын аралап, болашақ жоспарларымен танысты. 


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі