АҚТӨБЕ: БАС МҮФТИ ХV РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚҰРАН ЖАРЫСЫНЫҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ 6657

АҚТӨБЕ: БАС МҮФТИ ХV РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚҰРАН ЖАРЫСЫНЫҢ АШЫЛУЫНА ҚАТЫСТЫ

05 қыркүйек 2026 20 Оқу 1 минут

Бүгін Ақтөбе қаласындағы облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша ХV республикалық байқау басталды.

Игі іс-шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, жас қариларға сәттілік тіледі.

«Баршаңызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласында басталған Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша ХV республикалық байқаудың ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! Алла Тағала қариларымызға сәттілік нәсіп етсін. Құран тек оқылып, жатталатын кітап емес, өмір сүретін жол, адамды кемелдікке бастайтын рухани бағдар. Бүгінгі байқаудың мәні де осында. Осы ретте жас қари бауырларыма айтарым: Құранды жаттау – үлкен нығмет. Бірақ оның жауапкершілігі де үлкен. Құран жаттаған адам өзінің мінезіне, сөзіне, ісіне қарауы керек. Өйткені Құран адамның тілінде ғана емес, мінезінде көрінуі тиіс. Айша анамыздан Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)мінезі жайында сұрағанда: «Оның мінезі – Құран еді», – деп жауап берген. Бұл бізге үлген өнеге болуға тиіс» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

ҚМДБ Төрағасы өз сөзінде республикалық Құран жарысының тұрақты демеушісі, дініміздің жанашыры Аблазимов Бахаридин Нұғманұлына айрықша алғыс білдіріп, ризашылығын білдірді. Айта кетсек, Құран жарысы ертең де жалғасады.

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі