Ақтөбе: Бас мүфти қазақи нақыштағы кітапхананың ашылуына қатысты
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе облысына барған сапары аясында облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіндегі қазақи нақышта жаңа кітапхананың ашылу рәсіміне қатысты.
«Кітапхана жай ғана кітап сақталатын орын емес, ол адамның ой-өрісін кеңейтетін, ізденісіне жол ашатын, ұрпақты білімге және парасатқа бастайтын рухани орталық. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы озық ойлы ұлт болу үшін кітап оқитын, білімге ұмтылатын қоғам қалыптастыру қажеттігін айтқан болатын. Бұл жерде жастарымыз тағылымды кітап оқып, ғалымдар мен ойшылдардың еңбектерімен танысып, діни және зайырлы білімді қатар меңгереді деп сенемін» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Кітапхана қорында діни кітаптардан өзге көркем қазақ әдебиет пен шетел әдебиеттері т.б кітаптар бар.
Жаңа ашылған кітапхана Ақтөбе тұрғындары мен қала қонақтарына арналған мәдени орталық негізінде жұмыс істейді деді облыстың бас имамы Амантай Садиев. Сонымен қатар Амантай Әбділдаүлы игі іске демеушілік танытқан дін жанашырларына алғысын білдірді. Одан өзге жастар жаңа кітапхананың маңыздылығын айтып, республикалық «Мұнара» телеарнасына сұхбат берді.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі

















































