Ақтөбе қаласы имамдарының алқалы жиын өтті 4197

Ақтөбе қаласы имамдарының алқалы жиын өтті

19 ақпан 2025 253 Оқу 1 минут

Жиында ҚМДБ-ның 2025 жылғы бекітілген жоспарлары талқыланып, биылғы «Ислам және отбасы құндылығы» жылына орай біршама негізгі шаралар атқару жайлы сөз болды. Әсіресе, отбасыдағы бала тәрбиесі, шаңырақ ұйытқысы секілді қоғамдық маңызды мәселелер назарға алынды. 

Алқалы отырыс барысында Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы қала имамдарының өткен жылғы атқарған еңбектерін елеп өтіп, биылғы жылы да белсенді түрде жұмыс жасауға шақырды.

ҚМДБ бекіткен жоспарға сәйкес имамдарымыз оңалту,оқу-ағарту, дін мен дәстүр және уағыз-наихат бағыттары бойынша іс-шаралар атқарып, біршама жауапты қызметтерді жүзеге асыруда.

Сондай-ақ жиын барысында Ақтөбе облысы бойынша «Уақып» қорының өкілі, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің азаншысы Әбдисаламов Жарасқан аталған бағыт бойынша бірқатар мәселелерді жүзеге асыру қажеттігіне тоқтала өтті.

Одан өзге «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының басшысы, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Әбишев Мәжит жергілікті жерлеу рәсімдері мен жаназа, құран оқыту, садақа, мазар тұрғызу секілді т.б істердің жүйелі түрде атқарылуы жөнінде жұмыстардың бірізділігін қолға алу жайлы баса айтты.

Ал облыстық діни оқу ағарту бөлімінің жауапты маманы Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Досбол Нұрболұлы негізгі жоспар туралы таныстырды.

Алдымызда келе жатқан қасиетті Рамазан айында ақарылатын істерге тоқталған өңірлік қарилар дайындау орталығының директоры, облыстық мешіттің наиб имамы Бекжан қари Амангелдіұлы тарауих намазын өткізетін қарилардың киім үлгісі мен өзге де мәселелер жайлы талқылап, қазірден дайындықты пысықтау қажеттігін қала имамдарына шегелеп жеткізді.

Біршама жұмыстар талқыланған жиында имамдар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріліп,әр мешітке міндеттемелер жүктелді.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі