Ақтөбе қалалық орталық мешітінде әйел жамағатына арналған уағыз-насихат өтті 6273

Ақтөбе қалалық орталық мешітінде әйел жамағатына арналған уағыз-насихат өтті

14 сәуір 2026 111 Оқу 1 минут

Ақтөбе қалалық орталық мешітінде әйел жамағатына арналған кезекті жексенбілік уағыз-насихат ұйымдастырылды. Аталған шара “Ислам және адал қоғам” жылы аясында өтті.

Шара барысында ұстаз Анар Қойшығұлова «Дұха сүресінің тәпсірі» тақырыбында мазмұнды дәріс жүргізді. Уағыз барысында ұстаз қасиетті Құран Кәрімді оқу – әрбір мұсылман үшін сауапты әрі ұлық құлшылық екенін атап өтіп, оны тек тілмен оқып қана қоймай, мағынасына терең үңіліп, түсініп, өмірде амал ету қажеттігін ерекше жеткізді. Осы ретте Құран сүрелерінің тәпсірін білудің маңызы зор екеніне тоқталып, «Дұха» сүресінің мағыналық және тәрбиелік қырларын жан-жақты түсіндірді.

Дәріс барысында адамның өміріндегі уақыттың қадірі, өмірдің мәні, Мұхаммед пайғамбардың (Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын) өмір жолы, оның ішінде балалық шағы мен көрген қиындықтары кеңінен баяндалды. Сондай-ақ Алла Тағаланың пайғамбарға берген сыйы мен сүйіншісі – хауыз және шапағат нығметтері туралы айтылып, жалпы адамзатқа берілген игіліктерге шүкір етудің маңызы мен түрлері түсіндірілді.

Уағыз-насихат барысында «Адал қоғам» қалыптастырудағы адамгершілік құндылықтарға ерекше мән берілді. Атап айтқанда, қоғамдағы жанашырлық, мейірім мен қамқорлықтың рөлі, жетім-жесірлер мен мұқтаж жандарға қол ұшын созу, өзара көмек пен бауырмалдықты арттыру мәселелері кеңінен насихатталды.

Шара соңында жамағат тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, қатысушылар өз ризашылықтарын білдірді.