Мұғалжар жамағаты Көкжар жәрмеңкесіне барды 6274

Мұғалжар жамағаты Көкжар жәрмеңкесіне барды

14 сәуір 2026 81 Оқу 1 минут

ҚМДБ-ға қарасты «Дархан дала» отандық туризм жобасы аясында Ақтөбе облысы, Мұғалжар аудандық «Нұртай» мешітінің имамы мен жамағаты Ойыл ауданындағы тарихи «Көкжар» мешітін зиярат етті.

Зиярат барысында жамағат қасиетті орынның тарихымен танысып, оның өңірдегі діни-ағартушылық маңызы жөнінде тағылымды мәліметтер алды. Сонымен қатар, ұлы Жібек жолы бойында орналасқан «Көкжар» жәрмеңкесінің тарихымен танысып, оның өткен дәуірдегі сауда-саттық, мәдени және рухани байланыстарды дамытудағы рөлі туралы ақпарат алды.

Имам жиналған жамағатқа рухани насихат айтып, ата-бабаларымыздың ислам дінін ұстанудағы беріктігі мен өнегелі өмірі жайында сөз қозғады. Сонымен қатар, қасиетті мекендерге зиярат етудің адам жүрегіне иман нұрын ұялатып, өткенге құрмет, келешекке жауапкершілік сезімін арттыратыны атап өтілді.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «(Уа, Мұхаммед!) Айт: “Жер жүзін аралап, бұрынғылардың соңы қалай болғанын көріңдер”» («Әнғам» сүресі, 11-аят) деп, адам баласын ғибрат алу үшін сапар шегуге үндейді. Бұл аяттың мәніне сай ұйымдастырылған мұндай сапарлар жамағаттың рухани танымын кеңейтіп, тарихи мұраларға деген құрметін арттыра түседі.

Сапар барысында жамағат бірге дұға жасап, елдің амандығы мен бірлігі, жеріміздің тыныштығы үшін тілек тіледі. Сонымен қатар, имам зиярат әдебі туралы айтып, шариғат шеңберінде дұрыс зиярат жасаудың маңыздылығын түсіндірді.

Осындай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, халқымыздың рухани құндылықтарын жаңғыртуға, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға өз үлесін қоса бермек.