Ақтөбе: Қайырымды кәсіпкерлер алқасы құрылды 521

Ақтөбе: Қайырымды кәсіпкерлер алқасы құрылды

16 ақпан 2021 275 Оқу 1 минут

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен 2021 жылғы жоспарға сәйкес, Ақтөбеде алғаш рет «Нұр Ғасыр» мешітінің жанынан «Қайырымды кәсіпкерлер» алқасы құрылды. Кеше мешітте ауызашар дастарханы жайылып, алқаның алғашқы жиыны өтті.

Бас имам Төлеби қажы Оспан өз баяндамасында өткен жылғы қайырымдылық бағытында атқарылған іс-шараларға тоқталып, карантин кезінде мешіт тарапынан халыққа қомақты көмек көрсетуге қолдау білдірген барша Ақтөбелік ағайынға алғыс білдірді. Сондай-ақ, жаңадан құрылған қайырымды кәсіпкерлер алқасы атқаратын іс-шаралар жоспарымен таныстырып, жастарды жоқшылықтың зардабынан теріс ағым жетегінде кетуден яки ұрлық жасау секілді қылмыстарға бармаудың алдын алу үшін аға буынды мұқтаж отбасыларға қамқорлық көрсетуге үндеді.

«Телеграммда мешіттің сұрақ-жауап атты парақшасы бар. Сол жерде бір кісі «жоқшылықтан ұрлық жасау күнә ма» деп сұрақ қойыпты. Әрине, күнә. Бірақ, көршісі аш болып, өзі тоқ жатқан бізден емес деген хадисті ескерсек, жоқшылықтан қылмысқа барған адам үшін ертең біз де сұралмаймыз ба? Демек, сіздердің кіштентай ғана жасаған жәрдеміңіз бір адамды теріс ағымның арбауына түсуден немесе қылмысқа барудан құтқаруы бек мүмкін», - деді Бас имам.

Дейтұрғанмен «Нұр Ғасыр» мешітінің жамағаты діни оқу орындарында ақылы бөлімде оқитын студенттердің оқу ақысын төлеу, көпір салу, мұқтаж отбасыларға қаржылай және азық-түлікпен көмек көрсету істерінде белсенділік танытып жүргенін мақтанышпен айта кеткен жөн. Ендігі кезекте аталмыш алқа мүшелері қайырымды істердің аясын бұдан әрі кеңейтуді көздеп отыр.

Жиын соңында кәсіпкерлер Бас мүфти бастамасын қолдайтындықтарын білдіріп, алқа жұмысын жетілдіруге қатысты өз пікірлерін ортаға салды.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі