Ақтөбе: 150 отбасыға «Рамазан қоржыны» табысталды
Бүгін облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде қасиетті Рамазан айының құрметіне орай ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысы бойынша өкілі Алмат Әлидің ұйымдастыруымен 4 тонна 500 кг қамтитын азық-түлікті қамтыған «Рамазан қоржыны» 150 отбасыға табысталды. Жалпы 2 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалды.
Қасиетті Рамазан айында сауаптар 70-тен 700 есеге дейін еселенеді. Яғни, бұл айда жасалған әрбір игі амал ерекше. Осындай жақсылықтың бірі ретінде «Рамазан қоржыны» деп аталатын ауқымды қайырымдылық шарасы облыстық «Нұр Ғасыр» мешітіндегі дін жанашыры Ардақ Садақбайұлының зекетін беруімен және «Анвар» сауда желісінің демеушілігімен өтті.
Сонымен қатар арнайы тізім бойынша шақыртылып, көмек алуға жиналғандардың алдына облыстың Бас имамы Рамазан айымен құттықтап, зекетін беріп, демеушілік жасаған жандарға Алла разы болсын деп игі тілегін білдірді. «Рахым айында берілген садақаның сауабы еселеп артады. Сондықтан жағдайы бар адамдар ораза кезінде Зекет беруге асыққаны абзал. Алла Тағала зекетін берген адамның өмірін берекелендіріп, күнәсынан тазартатындығы айтылады. Алайда, адам сол ең жақсы көрген дүниесін Алла жолында бөлісуімен құлдығы шынайыланбақ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Зекет – Исламның көпірі» деу арқылы әлеуметтік өмірдегі теңдікті сақтаудың негізі екендігін айтқан. Рамазанда Ардақ Садақбайұлының зекет ретінде таратуы – Алла Тағаланың бұйрығына бағынуы деп бағалаймыз. Біз басқа да кәсіпкер азаматтарды өз Зекетін мұқтаж отбасылармен бөлісіп, осындай сауапты іске атсалысуға шақырамыз»,- деді облыстың Бас имамы. Шара қортындысында көп балалы т.б аналар ұйымдастырушылар мен кәсіпкерлерге алғысын айтып, ақ батасын берді. Одан өзге облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы БАҚ өкілдеріне шараның маңыздылығы туралы сұхбат берді. Қайырымдылық шаралары әліде жалғасын табады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі