Ақтөбе: 1000-нан астам балаға оқу құралдары мен сөмке табысталды 6648

Ақтөбе: 1000-нан астам балаға оқу құралдары мен сөмке табысталды

01 қыркүйек 2026 57 Оқу 1 минут

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазреттің бастамасына орай Ақтөбе облысы өкілдігінде «Зекет және қайырымдылық» қорының өңірдегі жауапты өкілі Алмат Әлидің ұйымдастыруымен «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті. Игі шараға дін жанашыры, кәсіпкер, т.б демеушілік танытып, соның нәтижесінде 1000-нан астам балаға мектепке қажетті оқу құралдары мен сөмкелер табысталып, қаржылай көмек көрсетілді. Сонымен қатар бірқатар балаларға мектеп формалары да алып берілді.

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Мал-мүліктерін Алла жолында жұмсайтындардың мысалы – жеті масақ шығарған, әрбір масағында жүзден дәні бар бір тал дән іспетті. Алла қалаған құлына бұдан да еселеп береді...» («Бақара» сүресі, 261-аят) – деп, мұқтаждарға қол ұшын созған жандардың сауабы еселеніп қайтатынын сүйіншілеген. Осы ізгі жолды ұстанған ардақты пайғамбарымыз да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім таршылық көрген адамның ісін жеңілдетсе, Алла оның ісін дүние мен ақыретте жеңілдетеді» (Сахих Муслим), – деп үмбетін қайырымдылыққа үндеген.

Игі бастаманың негізгі мақсаты – әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетіп, олардың жаңа оқу жылын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне ықпал ету.

Шара барысында Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев ата-аналар мен балаларды жаңа оқу жылымен құттықтап, қайырымдылық акциясына атсалысқан қолы ашық, жомарт жандарға алғысын білдірді. Сондай-ақ Алла Тағаладан олардың отбасына амандық, кәсібіне береке мен өркендеу тілеп, дұға жасады. Ал ата-аналар Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен имамдарға, мешіт қызметкерлері мен демеушілерге ақжарма тілектерін айтып, алғыстарын жаудырды.

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі