Облыстық мешітте Бас мүфти жұма намазын жүргізді 1420

Облыстық мешітте Бас мүфти жұма намазын жүргізді

18 наурыз 2022 161 Оқу 1 минут

Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе қаласында облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде, Бас мүфтидің кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай қалалық орталық мешітте, Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов «Нұрдәулет» мешітінде жұма уағызын айтып, жұма намазын жүргізді.

Дін мен дәстүр сабақтастығы жайлы насихат айтқан Наурызбай қажы Тағанұлы: «Бүгінгі таңда дінді дәстүрсіз, дәстүрді дінсіз көзге елестету мүмкін емес. Себебі күнделікті ісіміз, әрбір тіршілігіміз Ислам дінімен астасып жатыр. Дін мен дәстүрдің тығыз байланысын көрсететін мақал-мәтелдеріміз өте көп. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сөзінде тұрмау мұнафықтың (екіжүзділік) белгісі» десе, халқымыз «Уәде – Құдай аты», «Ынтымақ – ырыс қазығы, уәде – жанның азығы», «Мақал – сөздің атасы, уәде – ердің опасы» дейді. Негізі хадистен алынған, бүгінде мақалға айналған қанатты сөздеріміз аз емес. Алла Тағала баршамызға дініміз бен дәстүрімізге сай өнегелі өмір сүруді нәсіп етсін!» деді.

Жұма намазынан кейін Бас мүфти еліміз бен жеріміздің игілігі үшін дұға жасады.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі