Ақтөбе: 1 миллион теңге зекет үлестірілді 648

Ақтөбе: 1 миллион теңге зекет үлестірілді

11 мамыр 2021 171 Оқу 1 минут

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жалпы жұртшылықты Рамазан айында қайырымдылық шараларын көптеп өткізіп, жақсылық жасауға шақырған еді.

Рамазанның соңғы күндерінде ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Ақтөбе облысы бойынша жауапты өкілі Алмат Амангелдіұлының ұйымдастыруымен, Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Айжарық» шаруа қожалығының басшысы Қажымұқан Тыныштықұлы мұқтаж отбасыларға зекетін үлестірді. Қайырымдылық шарасында сөз алған облыстың Бас имамы Төлеби қажы Оспан жиналған қауымға Рамазан айының қадір-қасиетімен бірге, осы айда жасалған қайырымдылық пен жақсылықтың сауабы мол болатынын айтты.

«Рамазан айында игі амалдардың сауабы еселеніп жазылады. Сондықтан дәулетті адамдар ораза айында Зекет беруге асығады. Ал, зекет – табысты берекелендіріп, кәсібі мен отбасына құт әкеледі. Мұқтаж жандарға көмек көрсетіп жатқан Қажымұқан Тыныштықұлына алғыс білдіреміз. Қасиетті айда ауқымды қаражатты зекет ретінде таратуы – жомарттығы әрі Алланың әміріне бағынуы деп білеміз. Алла сарқылмас сауаптар жазсын!», - деді Бас имам.

Көмек әр түрлі санаттағы мұқтаж және көпбалалы отбасылар мен Ақтөбе медресе колледжінің щәкірттеріне берілді. Бұл күні мұқтаж 30 адамға жалпы ақшалай 1 млн теңге таратылды.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі