Таза мешіт – берекелі мекен
Мешіт – мұсылман қауымының басын қосатын, құлшылық пен ізгіліктің ордасы. Ал Алла үйінің тазалығын сақтау – әрбір мұсылманның ортақ міндеті әрі сауапты амалдардың бірі. Осы мақсатта Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
Игі іске мешіт жамағаты белсене атсалысып, әйел жамағаты мешіттің ішкі бөлмелерін тазалап, кілемдерді қағып, терезелерді сүртіп, айналаны мұнтаздай етуге үлес қосты. Ал ер азаматтар мешіт ауласы мен маңайын ретке келтіріп, ағаштардан түскен жапырақтарды жинап, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Бірлік пен берекені ту еткен жамағаттың жұмыла атқарған еңбегінің нәтижесінде мешіт іші мен ауласы тазарып, келушілерге қолайлы әрі жайлы орта қалыптасты. Мұндай игі бастамалар жамағат арасындағы ауызбіршілікті арттырып қана қоймай, ортақ іске жауапкершілікпен қараудың да жарқын үлгісі болып табылады.
Халқымызда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қанатты сөз бар. Шынында да, бір мақсат жолында бірігіп, сауапты іске атсалысу – берекенің бастауы. Ал тазалыққа жанашырлық таныту – мұсылманның көркем мінезі мен мәдениетінің көрінісі. Өйткені, тазалық – иманның жартысы!










































