Хромтауда мешіт жамағатына алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді
Хромтау ауданы полиция бөлімінің ЕҚҚІҚТ жедел уәкілі, полиция лейтенанты Сержан Изекешов Хромтау аудандық «Нұр» мешітінің жамағатымен кездесу өткізіп, алаяқтық қылмыстарының алдын алу және одан сақтану жолдары жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізді.
Кездесу барысында полиция қызметкері қазіргі таңда кең таралған алаяқтық түрлеріне тоқталып, азаматтардың сеніміне кіру арқылы ақша жымқыру, жалған қоңыраулар шалу, интернет пен әлеуметтік желілер арқылы алдау тәсілдері туралы түсіндірді. Сонымен қатар жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін және SMS арқылы келетін растау кодтарын бөгде адамдарға бермеу керектігін ескертті. Күдік тудыратын қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарап, қандай да бір қаржылық операция жасамас бұрын ақпараттың шынайылығын тексерудің маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде ауданның бас имамы Марал Иманғали алаяқтықтың дінімізде де құпталмайтын, адамгершілік қағидаттарына қайшы келетін теріс әрекет екенін жеткізді. Ол мұсылман баласы адалдықты ту етіп, өзгенің ақысына қол сұқпауы, өтірік пен алдаудан аулақ болуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ қоғамда өзара сенім мен жауапкершілікті нығайту, адал еңбек ету және бір-біріне қолдау көрсету әрбір азаматтың міндеті екенін айтты.






































