СЫҒАНАҚИ ИНСТИТУТЫНА 46 ШӘКІРТ ОҚУҒА ҚАБЫЛДАНДЫ (ФОТО)
Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан ашылған Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы Ислам институтына 46 шәкірт оқуға түсті. Бұл туралы институттың басшылығы хабарлады.
Институтқа құжаттар қабылдау тамыз айында жүргізілді. Емтихандар 5-7 қыркүйек аралығында елордада өтті. Талапкерлер араб тілі, құранды жатқа оқу және тәжуид ережелері бойынша емтихан тапсырды. Емтихан қабылдаған комиссия мүшелері құрамында мысырлық докторлармен қатар ҚМДБ ғалымдары да болды.
Еліміздің 13 өңірінен 70-тен астам талапкер институтқа құжат тапсырды. Емтихан нәтижесі бойынша, 46 талапкер Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы Ислам институтына оқуға қабылданды. Оқуға түскен шәкірттердің 27-сі – Ислам ілімдері бөлімінде, 19-сы Құран ижазасы бөлімінде оқиды.
Айта кетейік, оқуға қабылданған 46 талапкердің 10-ы – үздік диплом иелері. 23-і Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аясында имамдық және ұстаздық қызмет атқарады.