Суық көңілді сөз жылытады 750

Суық көңілді сөз жылытады

25 тамыз 2021 183 Оқу 1 минут

 Алла Тағаланың адам баласына берген ең үлкен нығметінің бірі – сөз. Сөйлеу арқылы ойымызды еркін жеткізіп, қалаған нәрсемізді түсіндіре аламыз. Философтардың пайымдауынша, сөз деген адамның ішінде пайда болған ойы екен. Олар сөзді ойдың тіл арқылы сыртқа шығарылуы деп тұжырымдаған. Демек адамның айтайын деп тұрған ойын сөз деп қабылдаған. Ал шариғат бойынша, ауыздан шықпайынша ой сөз қатарына кірмейді. Сондықтан адам жаман ой ойласа, оған күнә жазылмайды. Намаз оқып тұрған адам ойға шомып кетсе, намазы бұзылмайды, ал сөйлесе, бұзылады. Демек дініміз ойды сөз деп қабылдамаған. 

Құран Кәрімнің бірнеше жерінде дұрыс сөз сөйлеу («Ниса» сүресі, 9-аят; «Ахзаб» сүресі, 70-аят) керектігін баяндап, шыншылдарды мақтаған. Жалған әрі өтірік сөз сөйлеушілерді даттап («Нахыл» сүресі, 116-аят), ондай адамның орны тозақ екенін ескерткен. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында сөздің сиқыры бар» (Бұхари, 5767) деу арқылы шешендік сөзді дәріптеген. Ғалымдар осы хадисті негізге ала отырып: «Сөз адамға сиқыр секілді әсер етеді. Бұл сиқырдың адал түрі, кімнің тілі жетік болса, шешендікпен сөйлесін» деп керемет сөйлеуге үндеген.

Шариғатымыз бойынша, мұсылман адам сөйлеген сөзіне мән беруі керек. Өйткені сөз адамның тұрмыс-тіршілігіне, оның тұлғалық қасиетіне әрі дініне әсер етеді. Қазақтың «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегені де осы болса керек. Мәселен, бір адам кәлима айту арқылы Исламды қабылдап мұсылман болса, керісінше күпір сөйлеу арқылы діннен шығады. Тура сол секілді неке қию рәсімінде куәгерлер алдында «Өзіме жар етіп қабылдадым» деу арқылы бөтен ер мен әйел бір-біріне адал жар болады. Ал талақ беру арқылы адал жарлар бір-біріне бөтен адамдар болып шыға келеді. Мінеки, бір ауыз сөздің нәтижесі.

Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) еріп, Тәбук жорығына шыққан кейбір екіжүзді адамдар қайтып келе жатқанда Алла елшісін мазақ етіп, сыртынан мысқылдап күлген еді. Олар жайлы Құран аяты түсіп, кәпір болғаны хабар берілгенде: «Біз жәй ғана ойнап айтып келе жатқанбыз» («Тәубә» сүресі, 65-аят) деп ақталды. Ойнап айтсын, шын айтсын, мұндай сөздің адамды дінінен шығаратыны баяндалған. Сондықтан Алланы, пайғамбарын немесе аяттарын әзілге айналдырып немесе мазақ етіп айту, болмаса өзгелерді күлдіру үшін дінді келеке етіп айту діннен шығарады. Сондықтан мұсылман адам сөйлеген сөзіне және істеген ісіне мән беруі керек.

Негізінен жақсы сөз де, жаман сөз де адамға іштей әсер етеді. Өзгелерге білдірмеуге тырысса да, түрінен байқалады. Адам баласы жақсы сөз немесе біреуден алғыс естігенде марқайып қалатыны секілді, жаман сөз не қарғыс естісе, я болмаса біреудің жаласына қалса, жанына батып, қиналады, тіпті түнімен ұйықтай алмай шығуы мүмкін. Құран Кәрімде «Олардың айтқан сөздерінен сенің көкірегіңнің қысылып, тарылатынын білеміз» («Нахыл» сүресі, 97-аят) деу арқылы кәпірлердің айтқан ауыр сөзі, жапқан жаласы пайғамбарға да әсер етіп, соның себебінен көкірегінің тарылып, жанының қысылатынын білдірген. Негізінде Ислам әдебі бойынша жақсылық жасаған, дұрыс іс істеген немесе жақсы сөз сөйлеп, дұрыстыққа шақырған адамды көргенде, оған алғыс білдіріп, мақтау сөз айту дұрыс деп есептелген. «Иәсин» сүресіндегі «Сен пайғамбарлардансың, тура жолдасың» («Иәсин» сүресі, 3-4 аяттар) деген аятта «жалғастыр» деген сөз жасырын тұр деп түсіндіреді. Демек аяттың меңзегені Құрайш кәпірлерінің: «Сен пайғамбар емес, жындысың» деген сөздеріне қарсылық «Сен пайғамбарлардансың, тура жолдасың, жалғастыр!» деп дұрыс жолда жүруге шабыттандыру екен. Хәкім Абайдың қара сөзінде «Адам баласы я талапты болсын, я талапсыз болсын әйтеуір «бәрекелдіні» керек қылмайтұғыны болмайды» деуі де осы екен. Әрбір жақсылық жасаушы кісіні көргенде жақсылығын тілге тиек етіп алғыс білдіру адами борышымыз деп білуіміз қажет. Әрі бұл мақтау сөзіміз оның жақсылығын арттыра түсіруіне септігін тигізері анық.

Шариғат бойынша сөздің дұрысын сөйлеп, ақиқатын айту керек деп жатамыз. Бірақ шариғат көрсеткен шеңберден асып кеткенімізді байқамай, «менің сөзім хақ» деп дау-дамайға себеп болатынымыз да бар. Алланың түсірген шариғатында әр нәрсе өз орнымен болуы тиіс. Әйтпесе оның соңы жақсылыққа жеткізбейді. Ең әуелі ақиқатты айту ғұламалар, ел алдындағы абыройлы кісілер, үлкен ақсақалдардың міндеті екенін ұмытпау керек. Себебі халыққа да, басшыларға да сөзі өтімді кісілер – осылар. «Бидің айтқанын құл да айтады, бірақ аузының дуасы болмайды» дейді қазақ. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім бір жамандықты көрсе, оны қолымен тоқтатсын. Оған шамасы келмесе, тілімен қарсылық білдірсін. Оған да шамасы келмесе, жүрекпен жақтырмасын» (Мүслім, 49) деген хадистің түсіндірмесінде: қолмен тоқтату – биліктің ісі, қамау, жазалау не айыппұл салу секілді; тілмен айту – елге сөзі өтімді болған ғұламалар мен үлкен абыройлы кісілердің ісі; жүрекпен жақтырмау – қарапайым халықтың ісі, жақтырмаған адам ол жерден тұрып кетуге тиіс делінеді.

Негізінде біреуді түзегісі келген адам ел көзіне көрсету үшін емес, жеке шақырып алып, жанашырлықпен айтуы міндетті. Ал кімге халық алдында құрметпен сөз берсе, өнегелі сөз сөйлеуі керек. Ел алдына шығып сөйлейтін кісі тек жақсылықтарды айтып, дұрыстыққа бұруға тиіс. Сондықтан Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, жақсы сөз сөйлесін, әйтпесе үндемесін» (Бұхари) деген. Осы қағиданы ұстану ең дұрысы болмақ.

Ғазиз АХМЕТ,

Республикалық ақпарат-насихат тобының мүшесі