Шалқарда Ораза айт меркесі аталып өтті
Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» және қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің ұйымдастыруымен Ораза айт мерекесі аталып өтті.
Ең алдымен Шалқар жамағаты жергілікті сағат 7:30 -да сапқа жиылды. Мерекелік намазды оқып, ел бірлігі, бүтіндігі үшін дұға-тілек тіледі.
Шараға аудан әкімі Жанболат Өтеғұлұлы қатысып, мерекемен құттықтаса, Шалқар ауданының бас имамы Абзал Медетбеков жамағатты Ораза айт мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі. Айт мерекесінің мән-маңызы турасында уағыз айтып, намаздың оқылу тәртібін түсіндіріп өтті. Айттың ағайынды ұйытушы, араз жандарды жарастырушы, міскінді қуантып, маңайға тек мейірім мен қуаныш төгетін ғажап мереке екендігін тілге тиек етті.
Игі шара Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің асханасында жалғасын тауып, жамағат бір – бірін айтпен құттықтап, берекелі дастарханнан дәм татты.
Рухани ғибратқа толы кешті Шалқар қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Інжілісұлы бастаған ақсақалдар қорытындылап, батасын берді.
Айта кетейік, ізгі шараға аудан әкімшілігінің қызметкерлері мен кәсіпкерлер, ауыл ақсақалдары және жамағат қатысты.
Ізгілікке жол бастар шара қортындысында жамағат рухани кештің әсерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.