Шалқарда Мәуліт кеші ұйымдастырылды
Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» және қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінің ұйымдастыруымен «Адамзаттың асыл тәж» атты пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәулітіне арналған рухани кеш өтті.
Шалқар қайырымдылық мекемесінде өткен рухани шара Құран оқумен басталып, салауат айтумен жалғасын тапты. Одан кейін жамағатқа дастарқан жайылып, Пайғамбар ғұмырынан ғибратты оқиғалар баяндалды.
Аталған кешке арнайы қонақ ретінде келген Мұғалжар ауданының Бас имамы Мұхаммедисмаил Шадман қатысып, салауат айтудың артықшылықтары мен Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрмет көрсетудің абзалдығы жайында насихат айтты.
«Адамзаттың ұлы тұлғасы ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғибратты ғұмыры барлық адамзатқа өнеге. Оның тағылымы сарқылмас кәусар іспетті, сондықтан да ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с)» барлық құрмет лайық»,- деді ауданның Бас имамы Абзал Медетбеков.
Рухани ғибратқа толы кешті мешіт ақсақалдары қорытындылап, батасын берді.
Ізгілікке жол бастар шара қортындысында қатысушылар рухани кештің әсерімен бөлісіп, Мәуліт мерекесінің жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғандығын айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі








































