Шалқар: Білім сайысы өтті 6380

Шалқар: Білім сайысы өтті

26 мамыр 2026 39 Оқу 1 минут

Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұйымдастыруымен «Ихсан және насихат» бағыты аясында «Имам ән-Науауи таңдаған 40 хадис» түсіндірмесін қазақ тілінде жатқа оқу бойынша жамағат арасында білім сайысы өтті.

Шараның басты мақсаты – жамағаттың діни білімін арттыру, хадис іліміне деген қызығушылығын ояту, Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өсиеттерін жүрекке тоқып, күнделікті өмірде амал етуге насихаттау.

Шалқар ауданының Бас имамы Абзал Медетбеков қатысушыларға сәттілік тілеп, білім алудың мұсылман өміріндегі маңыздылығына тоқталды.

«Хадис – мұсылманның өмірлік темірқазығы. Алла елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өнегелі сөздерін үйреніп, жаттап, оның мағынасын түсіну – әрбір мұсылман үшін үлкен сауапты іс. Осындай білім жарыстары жамағаттың ынтасын арттырып, ізгілікке бастайды. Барша қатысушыларға сәттілік!» – деді ауданның Бас имамы.

Сайыс 3 кезеңнен тұрды. 1-кезеңде қатысушылар билет таңдап, берілген хадисті жалғастырса, 2-кезеңде хадисті жатқа айтты, ал 3-кезеңде сұраққа жауап беріп, мағынасына қарай хадисті тапты.

Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Мадия Раев (15 000 теңге) жеңіп алса, ІІ орынды Абзал Смагулов (10 000 теңге) еншіледі, ал Руслан Рыскелдіұлы ІІІ орынды (5000 теңге) иеленді. Жеңіс тұғырынан көрінген қатысушыларға дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табыс етті.

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі