#Рамазан2026: «Берекелі Рамазан» атты зияткерлік білім сайысы өтті
Шалқар ауданында «Жастар ісі» секторының ұйымдастыруымен және ҚМДБ бекіткен «Ислам және адал қоғам» жылы аясында 4 бағыттың бірі — «Діни оқу-ағарту» бойынша «Берекелі Рамазан» атты зияткерлік діни білім сайысы өтті.
Іс-шараға Шалқар ауданының Бас имамы Абзал Медетбеков бастаған аудан имамдары мен мешіт жамағаты қатысты.
Жарыс «MUFTIYAT» баспасының төл туындыларын насихаттау мақсатында «Рамазанға қатысты 200 сұрақ» кітабы бойынша өтті.
Зияткерлік сайысқа аудан мешіттерінен 5 топ қатысып, өз білімдерін ортаға салды. Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің азаншысы Қайрат Қаймолдин қатысушыларға діни, тарихи және оразаға қатысты арнайы сұрақтарды экран арқылы ұсынды. Ал топтар белгіленген уақыт ішінде сұрақтарға дұрыс әрі нақты жауап берді.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі 1-орынды «Жәннаттағы құрдастар», 2-орынды «Тәубе мешіті», ал 3-орынды «Исламдағы жастар» тобы иеленді. Үздік шыққан топтарға ақшалай сыйлықтар табысталды.
Ұйымдастырушылар білім сайыстары жастардың діни білімін арттыруға, мешіттер арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге және дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосатынын атап өтті.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі










































