Шалқар ауданында әйел жамағаты арасында спорттық сайыстар өтті.
Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің ұйымдастыруымен әйел жамағаты арасында садақ ату және үстел теннисінен спорттық сайыс өтті.
Игі шараның ашылуында Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, шараның мақсат-міндетін атап өтті. Сайысқа Шалқар қаласының әйел жамағаты қатысып, садақ ату, үстел теннисі бойынша бақ сынасты.
Сайыстың негізгі мақсаты – жамағат арасында бауырмашылдықты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ бірлік пен ынтымақты дәріптеу.
Тартысты өткен додада қатысушылар белсенділік танытып, ортақ мақсат жолындағы татулық пен ұйымшылдықтың айқын көрінісін көрсетті. Әр ойыншы әділ ойын қағидаттарын сақтап, достық пен өзара құрметті жоғары деңгейде көрсетті.
Игі шарада төрелік еткен Ақтөбе облысы бойынша «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова мен Ақтөбе облысы бойынша «Халал даму» мекемесінің технолог маманы Ақмаржан Ержанқызы жарыс қорытындысын жариялап, жүлдегерлерді марапаттады.
Нәтижесінде садақ ату бойынша жүлделі 1-орынды Бағдагүл Шитова, 2-орынды Роза Артықбаева, ал, 3-орынды Акмарал Жамбыловна иеленді. Үстел теннисі бойынша 1-орынды Гулназ Қарабасова, 2-орынды Тоңшолпан Сағидулла, 3-орынды Рысжан Мықтыбаева иеленіп, жеңімпаздарға дипломдар мен арнайы сыйлықтар табысталды.



















































