Сансызбай Шоқанов имамдарға семинар өткізді
Өткен сенбі ҚМДБ Ақтөбе өкілдігі мен «Ақтөбе» медресе-колледжінің ұйымдастыруымен медресенің конференц залында Ақтөбе имамдарына арналған семинар өтті. Аталмыш шараға арнайы ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөлімінің меңгерушісі Шоқанов Сансызбай Құрбанұлы келді. Жергілікті облыс, аудан және ауыл имамдарынан құралған дін қызметкерлеріне 3 тақырыпта оқыту семинарын өткізді. Әуелі «Ихсан ілімі – Рухани тәрбие» бағытында «Діни мәтіндерді дұрыс қолдану» атты дәрісінде имамдарға фиқһ (ислам құқығы) және усул әл-фиқһ (құқық негіздері) қағидаларын мәзһабтар арасында дәлелдермен салыстыра отырып, негізгі қайнар көз болған Құран мен сүннеттен үкім шығару жолдарын баяндады. Сондай-ақ, еліміздегі мұсылмандарды бөлінушілікке итермелеп жүрген кейбір адасушы топтардың алдын алуға қатысты нақты күресу әдіс-тәсілдерін көрсетті.
Оқыту семинарының бір бөлігінде IV Республикалық имамдар форумында қабылданған «Ас беру мәдениеті», «Зират және Зиярат мәдениеті» және «Зияткер имам тұжырымдамасы» атты құжаттарды таныстырып, алдағы уақытта халыққа насихат жасау барысында аталмыш құжаттар аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырды.
Сонымен қатар ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өтетін ең маңызды мәжілістердің бірі «ҚМДБ ғұламалар кеңесінде» қабылданған пәтуалар мен мәлімдемелерде түсіндіру үшін «Пәтуа берудің маңыздылығы мен жауапкершілігі» атты муфтият пәтуаларын таныстыруға арналған оқыту семинарын өткізді. Қоғамдағы ажырасудың жиілегенін айтып, неке және талақ төңірегінде сөз қозғады. Отбасы құндылықтарын ұстануда қоғамның қалыс қалып жатқанын қынжылыспен жеткізіп, мешіттер мен қоғамдық мекемелерде соның алдын алу бойынша дәрістер жүргізу үшін бірқатар нұсқаулықтар көрсетті. Сансызбай қажы дін қызметкерлеріне бір мәселеде үкім шығарып, пәтуа беруде өте сақ болып, шешімі күрделі мәселелер бойынша барынша ҚМДБ «Шариғат және пәтуа» бөлімі мамандарына жүгінуге шақырды.
Осылайша күні бойы жалғасқан оқыту семинарында ақтөбелік имам-молдалар дін ғалымына сұрақтарын қойып, өте терең ғылыми мәселелерде білімдерін жетілдірді.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі