САҚ БОЛАЙЫҚ! «ҚАЖЫЛЫҚ-2023». ЖАЛҒАН АҚПАРАТ – ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ! / ҚМДБ Қажылық бөлімі 2676

САҚ БОЛАЙЫҚ! «ҚАЖЫЛЫҚ-2023». ЖАЛҒАН АҚПАРАТ – ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ! / ҚМДБ Қажылық бөлімі

04 мамыр 2023 705 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2023 жылғы қажылық маусымына ашық конкурс негізінде қажылық орындарын бөлген 18 туроператордың құлшылықты ұйымдастыру барысындағы кедергілері жайлы хабарлаған болатынбыз.

Бүгінгі таңда қажылық сапарына қатысты ҚМДБ тарапынан жарияланған ақпараттық-түсіндірмелік мәліметтерге қарамастан, қажылық орындарын ресми алмаған қажылық турфирмасы ретінде өзін жарнамалайтын «Zam-Zam Qazaqstan» өкілі Илиев Данияр instagram желісіндегі «zamzam_qazaqstan» парақшаcында «Мүфтияттағы қажылық бөлімі әр квота үшін пара талап етеді» деп жала жауып, қажылық квоталарын Саудиядан тікелей алатыны туралы жалған ақпарат таратып қажылыққа адам жинаумен айналысуда.

«Zam-Zam Qazaqstan» өкілдері биыл қажылық орындарын заңды конкурстық негізде ресми жолмен алған 18 турфирмалар туралы: «...муфтияттың списогінда тек пара беретін компаниялар...», – деген және жалпы қажылыққа қатысты ҚМДБ туралы шындыққа жанаспайтын ақпарат жариялауда.

«Zam-Zam Qazaqstan» өкілдерінің қажылық орындарын беруде «ҚМДБ парақор» деген мәтінде таратып отырған қауесеті жалған. Себебі қажылық орындарын Қажылық бөлімі емес, қажылық саласына қатысы жоқ қоғам және дін қайраткерлері мен діни қызметкерлерден құралған арнайы комиссия мүшелері ашық конкурстық негізде  «Үміткер туроператорларға қажылық орындарын бөлу» туралы ҚМДБ ережесінің талаптарына сай бөлінеді.

Сонымен қатар, назар аударатын мәселе, «Zam-Zam Qazaqstan» өкілдері қажылық квотаны тікелей Сауд Арабиясынан аламыз деп жарнамалап қажылыққа адам жинап жүр. Шын мәнінде Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігі қажылық квоталарын әр елдің Дін саласына өкілетті мемлекеттік органдарына немесе ресми Исламдық діни басқармаларға (Мүфтият) ғана тиісті талаптар мен тәртіпке сай береді.

Жоғарыда аталған мәселелерді ескере келе, ҚМДБ биыл қажылыққа ниет еткен барша азаматтарымызға кез-келген бейресми жолмен, туристік визамен қажылыққа бармау қажеттігін ескертеді. Себебі қажылық маусымында шетел азаматтарының Сауд Арабиясы аумағына тек қана қажылық визасымен келуі заңды әрі шариғат тұрғысынан дұрыс. Қажылық уақытында қажылық визасы болмаған шетел азаматтарын Сауд Арабиясының құзырлы мекемелері заң жүзінде жауапкершілікке тартатындығын жеткіземіз.   

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы жыл басындағы ұмра құлшылығы айналасында белгілі даулы мәселені негізге алып, биыл қажылық құлшылығына ниет еткен отандастарымыздан заңсыз әрекеттерге бармауын және қажылық орындарын алмаған, төмендегі тізімде жоқ турфирмаларға жазылмауын сұрайды.

 

ҚМДБ Қажылық бөлімі