РАМАЗАН – КЕШІРІМ АЙЫ 4305

РАМАЗАН – КЕШІРІМ АЙЫ

02 наурыз 2025 21 Оқу 1 минут

Әлем мұсылмандарының сағына күтетін, айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келуі – барша мұсылман қауым үшін үлкен қуаныш. Өйткені қасиетті Рамазан айы – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, тақуалықтың, нәпсі тәрбиесі мен кешірімділіктің айы. Алла Тағала Құранда:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِنْ قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, (сол арқылы күнә атаулыдан сақтанып) тақуалыққа жетерсіңдер», – деген («Бақара» сүресі, 183-аят).

Алла Тағала бұл аятта мұсылман баласына парыз еткен оразаның себебімен күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жететінімізді меңзеп тұр. Расымен де, ораза – үлкенді-кішілі күнәлардың кешірілуіне себеп болатын сыйы зор, сауапты амалдардың бірі де бірегейі.

Алла Тағала аталмыш аят арқылы Өзіне бойұсынып, Раббысының разылығын іздеген күллі мұсылман атаулыға рамазан айында ораза ұстау парыз екенін баян етті. Қазақтың кемеңгері Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз «Мұсылмандық шарты» атты кітабында: «Ей, достар, оразаға қалайша салақпыз? Оны да парыз емес демейміз. Қарынымыз ашады десек дүние ісі үшін неше күндер аштыққа, қиыншылыққа шыдайтұғынымыз қайда? Және ораза тұтқанда аузымызға не келсе, соны сөйлеп, күнә сөзден, істерден тыйылмай жүріп ұстайтұғынымыз қалай? Құдай тағаланың он бір айы біздің күнә істеуімізге жетпеді ме? Осы бір ғана айды күнә жасамай, шамамыз келгенше құрметтеп өткізуге шыдай алмағанымыз қалай?» – дейді. Демек, адам баласы бұл айда ораза ұстаумен қатар, күнә атаулыдан тыйылып, өткен күнәлары үшін тәубе етіп, Жаратушыдан кешірім тілеуі қажет. Сонда ол адамның күнәсі кешірілумен қатар, үлкен сауапқа ие болады.

Ораза өзінің құлшылығы мен орындалуы және сауап тұрғысынан басқа ғибадаттардан ерекше саналады. Себебі Алла Тағала оразаның тек Өзі үшін орындалатын риясыз амал екенін, әрі оның «сауабын Өзі беретінін» айтқан.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

قالَ اللَّهُ: كُلُّ عَمَلِ ابْنِ آدَمَ لَهُ، إلَّا الصِّيَامَ، فإنَّهُ لِي، وأَنَا أَجْزِي بِهِ

«Алла Тағала былай дейді: «Адам баласы оразадан басқа кез келген ісін өзі үшін орындайды, ал ораза – Мен үшін және оның сауабын Өзім беремін», – дейді (имам Бұхари).

Сонымен, жоғарыдағы хадистен оразаның өзге құлшылықтардан екі ерекшелігін байқаймыз:

Біріншісі: ораза адамға тәндік қалауларынан толығымен бас тартуға мүмкіндік береді.

Екіншісі: ораза – пенденің тек қана Раббысымен байланысқан жеке һәм «құпия» құлшылығы. Себебі бұл айрықша амалдың сыры ораза ұстаушы мен оның Жаратушысынан өзге ешкімге білінбейді. Басқа құлшылықтардан  адамдар хабардар болуы мүмкін, ал ораза – тек қана құл мен Раббысының арасында жасалатын іс.

Имам Ғазали өзінің «Ихья Улумиддин» еңбегінде ораза ұстаушының үш дәрежесін баян еткен. Олар:

  1. Ішіп-жеуден тыйылу. Бұл оразаның қарапайым мұсылман баласына тән ең төменгі дәрежесі.
  2. Дене мүшелерінің оразасы. Бұл дене мүшелерінің оразасы. Яғнисалиқалы пенделердің оразасы.
  3. Жүрек оразасы. Жүрек оразасы ­­­­­­­­­­­­­­­­­­­ дүрбелең дүниеден баз кешіп, тек Алла Тағаланы, ақыретті ғана ойлау. Бұл ораза дүниелік істерге ой жүгіртумен бұзылады. Көз қызығарлық қызылды-жасылды жалған өмірді тәрк етіп, Аллаға бет бұрумен ерекшеленетін жүрек оразасы пайғамбарлардың, шыншылдар мен тақуалардың оразасы саналады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

مَن لَمْ يَدَعْ قَوْلَ الزُّورِ والعَمَلَ به، فَلَيسَ لِلَّهِ حَاجَةٌ في أنْ يَدَعَ طَعَامَهُ وشَرَابَهُ

«Кімде-кім өтірік айтуды және онымен амал етуді тәрк етпесе, Алла оның ішіп-жеуінен бас тартуына мұқтаж емес», – деген (имам Бұхари).

Жоғарыда айтқанымыздай, дене мүшелерімізді күнәлі істерден барынша қорғауға бағытталған оразаның бұл түрін алты негізге жіктеуге болады:

 

Бірінші: көз оразасы

Әуелі көзімізді Алланың тыйған істерінен, содан соң Алланы ұмыттыратын әртүрлі алдамшы дүниелерді қызықтаудан тыю. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

خَمْسٌ يُفْطِرُن الصَّائِمَ: الْكَذِبُ وَالنَّمِيمَةُ وَالْغِيبَةُ وَالنَّظَرُ بِشَهْوَةٍ وَالْيَمِينُ الْكَاذِبَ

«Бес нәрсе оразаны бұзады: олар – өтірік айту, өсек тасу, ғайбат айту, шаһуатпен (құмарлықпен) харамға көз салу, жалған ант», – деген.

 

Екінші: тіл оразасы

Тілді бос сөздерден, өтірік, ғайбат, жаман сөздерден, өсектен және түрлі пайдасыз талас-тартыстардан тыю. Бұл нәрселерден сақтану жолы – үндемеу немесе әрдайым Алланы зікір етіп, жиі Құран оқу. Ислам ғұламалары тілдің оразасына қатысты бірнеше түсіндірме берген. Суфян (Алла оны рақымына алсын): «Ғайбат айту оразаны бұзады», – десе, имам Ләйс (Алла оны рақымына алсын): «Екі нәрсе оразаны бұзады. Бірі: ғайбат, екіншісі: өтірік айту», – деген.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: 

إِنَّ الصَّوْمَ جُنَّةً، فَإِذَا صَامَ أَحَدُكُمْ فَلا يَرْفُثْ وَلَا يَجْهَلْ، فَإِنْ سَابَّهُ أَحَدٌ أَوْ شَاتَمَهُ فَلْيَقُلْ إِنِّي صَائِمٌ

«Расында, ораза – қалқан, кімде-кім ораза ұстаса, балағат сөз айтпасын және инабатсыз болмасын. Егер оны біреу балағаттаса немесе ерегісіп төбелеске шақырса, «мен оразамын»,  деп айтсын» (имам Бұхари).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза кезінде ғайбат айтқан екі қыздың оразасына қатысты: «Бұлар халал жолмен ораза ұстады. Бірақ адамдардың етін жеу арқылы хараммен аузын ашты»– деген.

 

Үшінші: құлақ оразасы

 Жағымсыз және харам сөздерді тыңдаудан сақтану. Айтуға тыйым салынған сөздің тыңдалуы да – тыйым. Сол себепті Алла Тағала Құран Кәрімде харам жеуші мен өтірік сөзге құлақ салып тыңдаушыны қатар айтқан: 

سَمَّاعُونَ لِلْكَذِبِ أَكَّالُونَ لِلسُّحْتِ...

«Олар жалған сөз тыңдауға – құмар, харам нәрсені жеуге – әуес ...» («Мәидә» сүресі, 42-аят).

 

Төртінші: дене мүшелерінің оразасы

 Бұл оразаның мәні – аяқ-қолымызды және басқа да дене мүшелерімізді харам нәрселерден тыю. Сондай-ақ ауызашар уақытында күмәнді тағамдардан тыйылудың да маңызы аса зор. Ораза уақытында күні бойы рұқсат етілген  адал тағамнан тыйылып, ауызашар кезінде күмәнді, харам тағамдарды жеумен оразаның ешқандай мағынасы қалмайды. Бұлай ауыз ашқан жан – бір үй тұрғызамын деп, бүкіл қаланы қиратқан адаммен тең.

Харам тағам дінді бұзатын – «у», ал халал тағамдар – дәрі секілді. Дәріні көп мөлшерде қолдану зиянды, ал мұны реттеуші сөзсіз – ораза.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай деген:

كَمْ مِنْ صَائِمٍ لَيْسَ لَهُ مِنْ صِيَامِهِ إِلاَّ الْجُوْعِ وَالْعَطَشِ

«Қаншама ораза ұстаушылар бар, олардың оразасынан алар еш үлесі жоқ, тек аштық пен шөлдеу ғана», – деген. Кейбір ғалымдар бұл хадиске төмендегідей түсіндірме берген:

  • Күні бойы ораза ұстап, аузын харам тамақпен ашатындар;
  • Халал тамақтан бас тартып, ғайбат айту арқылы харам ет жейтіндер;
  • Өздері ораза болса да, дене мүшелерін күнәлі істерден тыймайтын адамдар.

 

Бесінші: ауызашар уақытында тойып тамақ жемеу

Хадисте тойып тамақ жеу Алла Тағалаға ұнамсыз істердің бірі екендігі айтылған. Адам баласы нәпсісін тыйып, күні бойы Раббысының разылығы үшін аш жүргенін қайтарып алатындай тойып тамақ жесе, тұтқан оразасынан қалайша пайда алмақ?! Тіпті басқа айларда мұнша көп тамақ жемейтін адам ораза кезінде оның мөлшерін көбейтіп жіберуі де мүмкін. Ораза мақсаттарының бірі – нәпсі қалауларын барынша тыйып, тақуалыққа бет бұру. Ислам ғалымдары ораза уақытында ұйқыны азайтып, аштық пен шөлді сезудің  маңызы туралы да айтқан. Сонда ғана нәпсісі әлсіреп, жүрегі тазарады, түнгі намазы мен зікір-шүкірі көбейіп, Қадір түнінің қадірін лайықты түрде сезіне алады.

 

Алтыншы: ораза ұстаушының жүрегінде үрей мен үміттің тең болуы

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ صَامَ رَمَضَانَ إِيمَانًا وَ احْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ           

«Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауабын үміт етіп ораза ұстаса, оның бұрынғы жасаған күнәлары кешіріледі», – деп айтқан (имам Бұхари).

Сондықтан оразам қабыл болды ма деп уайымдаудың немесе сауабым көбейді деп үміттенудің де пайдасы мол. Адам баласы қашан да үміт пен үрейдің арасында болуы қажет.

 

Қисса

Сахаба Кағб ибн Ужра (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Бір күні Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінберге бір саты жоғары көтерілгенде сәл тоқтап, «Әмин» деді. Екінші басқанда тағы да «Әмин» деді. Үшіншіде тағы да айтты. Мінберден түскеннен кейін бұл көрініске таңырқап тұрып қалдым да: – Уа, Алланың Елшісі! Бүгін сізден бұған дейін көрмеген қимыл көрдік. Не екенін түсіндіресіз бе? – деп сұрадым. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– Мінберге көтерілгенімде маған Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) періште келіп: «Рамазанға жете тұра ораза ұстамай, күнәдан тазармаған адам оңбасын», – деді. Мен «Әмин», – дедім. Екінші сатыға шыққанда, «Сенің атыңды ести тұра, салауат айтпаған адам оңбасын», – деді. Мен «Әмин», –  дедім. Үшінші сатыға шыққанда, «Әке-шешесі қартайғанда, соларды бағып ризалығын ала алмаған адам оңбасын», – деді. Мен тағы да «Әмин», – дедім, – деп түсіндірді».

 

Жетінші: өзгелерді кешіру

Қасиетті Рамазан айында адам баласы Алла Тағаланың кешірімін үміт ететіндіктен, бұл айда ораза ұстаушының өзі де өзгелердің қателіктерін кешіріп, жүрегіндегі өкпе-реніштерін ұмытқаны жөн. Қасиетті Құранның «Нұр» сүресі, 2-аятында Алла Тағала:

وَلْيَعْفُوا وَلْيَصْفَحُوا أَلاَ تُحِبُّونَ أَن يَّغْفِرَ اللهُ لَكُمْ وَاللهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ

«Кешірімді болып, көңілдеріне алмасын. Сендер Алланың өздеріңді кешіргенін жақсы көрмейсіңдер ме? Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді», – деп айтқан. Асан қайғы бабамыз:

Ерегісіп, ұрыспа.

Сенікі жөн болса,

Атың шықпас дұрысқа.

Атаңның құны болса да,

Алдыңа келіп қалған соң,

Қол қусырып барған соң,

Аса кеш те қоя бер,

Бұрынғыны қуыспа, – деп насихат айтқан екен! Тіпті, өзінікі дұрыс, өзгенікі қате болса да, мұсылман адам өзгенің қателігін кешіріп, мүлде ұмытқаны дұрыс. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Хижр» сүресі, 85-аятында ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

فَاصْفَحِ الصَّفْحَ الْجَمِيلَ

«Ендеше сен (ел-жұрттың қатесін) көркем түрде кешір», – деп айтқан. «Көркем түрде кешіру» дегенді ғалымдарымыз: «қандай да бір адамның қателігін кешірумен бірге, оның кемшілігін ашу, тәкаппарлық таныту, артық сөз айту, жек көру сынды теріс істерден ада болу», – деп түсіндірген. 

 

 

Құрметті жамағат!

Рамазан айы – қасиетті Құран түсірілген ай. Алла Тағала Қасиетті Құранда:

  شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِي أُنْزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ  فَمَنْ شَهِدَ مِنْكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُ 

«Рамазан айы сондай бір ай, онда адамдарға тура жол және (ақ пен қараны) ажырататын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім айды (рамазан айын) көрсе, оразасын ұстасын», – деген («Бақара» сүресі, 185-аят).

Рамазан айы жыл ішіндегі ең абзал, ең қадірлі ай екені сөзсіз. Оның артықшылықтары көптеген хадистер мен ғалымдар сөзіне, сонымен бірге небір өлең шумақтары мен түрлі кітаптарға арқау болған. Алайда бұл айдың артықшылықтары жайлы айтылған сөздердің ішіндегі ең көркемі – Алла Тағаланың Құрандағы мақтауы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл ай кіріп келген кезде:

أَتَاكُمْ شَهرُ رَمَضَانَ شَهْرٌ مُبَارَكٌ فَرَضَ اللَّهُ عَلَيْكُمْ صِيَامَهُ تُفْتَحُ فِيهِ أَبْوَابُ الجَنَّةِ وَتُغْلَقُ فِيهِ أَبْوَابُ الْجَحِيمِ وَتُغَلُّ فِيهِ مَرَدَةُ الشَّيَاطِينِ فِيهِ لَيْلَةٌ هِيَ خَيْرٌ مِنْ أَلْفِ شَهْرٍ مَنْ حُرِمَ خَيْرَهَا فَقَدْ حُرِمَ

«Берекелі ай Рамазан айы кіріп келді. Ұлы Алла сендерге бұл айдың оразасын ұстауды міндеттеді. Бұл айда жәннаттың есіктері ашылады, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді. Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалса, (бүкіл жақсылықтан) мақұрым қалғаны», – деген.

Бір сөзбен айтқанда, Рамазан – он екі айдың сұлтаны, ең ұлығы. Бұл айда мейірім есіктері ашылып, сол есіктерден Жаратушымыздың мейірімі, жақсылығы мен берекесі, кешірімі төгіледі. Сондай-ақ мейірім періштелері түседі. Пенделердің ұстаған оразалары мен істеген жақсы амалдарының сауаптары бірнеше есеге арта түседі. Осынау ардақты айдың құрметіне жәннат есіктері ашылып, тозақтың есіктері жабылады. Бұл жайында Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

 إذا دَخَلَ رَمَضَانُ فُتِّحَتْ أَبوَابُ الرَحْمَةِ ، و غُلِّقَتْ أبوابُ جَهَنَّمَ ، و سُلسِلَتِ الَشيَاطِين

«Рамазан айы келгенде мейірім есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады және шайтандар кісенделеді», – деген.

Ендеше, кімде-кім қасиетті Рамазанға аман-есен жетіп, оның жаңа туған айына куә болса немесе рамазан айы кіргені туралы хабар естісе, ораза ұстауы тиіс.

Алла Тағала өзі мақтаған осы бір абзал айда сансыз сауаптарға кенеліп, Раббымыздың мейірімі мен кешіріміне бөленуімізді нәсіп етсін!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі