РАНТ мүшесі жастармен кездесіп, әңгіме алаңын құрды
ҚМДБ-ның Уағыз-насихат бөлімінің жылдық жоспарына сәйкес Хромтау ауданына арнайы келген РАНТ мүшесі Жандос Ырысбаев аудан жастарының басын қосып, «Ұлттық құндылықтарды білу – ұлт болашағы» тақырыбында мазмұнды кездесу өткізді. Тағылымды жиынның басты мақсаты – жас буынның санасына ұлттық болмыс, рухани тәрбие және дәстүрлі дін құндылықтарын сіңіру.
Кездесу барысында Жандос Ырысбаев ұлттық құндылықтардың қоғамдағы орны мен маңызына кеңінен тоқталып, ата-бабадан мирас болып қалған салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіл мен діннің бір-бірімен тығыз байланыста екенін атап өтті. Ол өз сөзінде:
– Ұлттық құндылықтар – бұл жай ғана өткеннің сарқыншағы емес, ол – болашаққа бағыт беретін темірқазық. Өзінің тарихын, тілін, дінін құрметтеген ұрпақ қана елдің ертеңін нық қалыптастыра алады, – деді.
Сонымен қатар, Жандос Орынбайұлы қазіргі жаһандану дәуірінде жастардың түрлі жат ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін олардың діни сауатын арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Дәстүрлі ислам құндылықтары мен қазақ халқының салт-санасының үндестігі жайында айтып, жастарды терең білім алуға, саналы да парасатты болуға шақырды.
– Біздің өңірдегі сіздер секілді жастар өзара бір шығарманы немесе толық бір кітапты оқып, арнайы саланың маманымен бірге оқығандарын ортаға салып, талқылауды әдетке айналдырған. Жақында ғана Дулат Исабековтің «Сүйекші» шығармасының талқылауына қатыстым. Сіздер де осылай кітап оқуды әдетке айналдырсаңыздар, таным көкжиектеріңіз кеңейе түседі,– деп өз тәжірибесімен де бөлісуді жөн көрді.
Кездесу барысында жастар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, дін, тәрбие, ұлттық бірегейлік төңірегінде ашық пікір алмасты. Жандос Ырысбаев әр сұраққа нақты әрі тұщымды жауап беріп, өмірлік мысалдар арқылы тақырыптың маңызын аша түсті.
Жиын соңында қатысушылар мұндай рухани-танымдық кездесулердің жастар үшін аса қажетті екенін атап өтіп, өз алғыстарын білдірді.










































