РАНТ жұмысы: Интернет қауіптері мен рухани иммунитет тақырыбында подкаст түсірілді
«Ислам және адам қоғамы» жылы аясында РАНТ мүшесі Жандос Орынбайұлы Хромтау ауданының Бас имамы Марал Иманғалимен бірге өзекті тақырыптарды қамтыған мазмұнды подкаст жазды. Подкаст барысында «Интернеттегі деструктивті топтардың психологиялық тактикасы» және «Экстремистік чаттардан сақтану» мәселелері кеңінен талқыланып, қазіргі қоғам үшін маңызды ойлар ортаға салынды.
Сұхбат барысында Жандос Орынбайұлы интернет кеңістігінде белсенді әрекет ететін түрлі теріс ағымдардың адамдарды, әсіресе жастарды өз ықпалына тарту үшін қолданатын айла-тәсілдеріне тоқталды. Атап айтқанда, олар сенімге кіру, эмоцияға әсер ету, жалған ақпарат тарату, жалғыздық пен түсінбеушілік сезімдерін пайдалану арқылы өз қатарын көбейтетінін жеткізді. Мұндай психологиялық қысым әдістері көбіне байқалмай жүзеге асатыны да айтылды.
Жандос Орынбайұлы өз сөзінде діни сауаттың төмендігі мен ақпаратты сүзгіден өткізбей қабылдау – қауіптің басты себептерінің бірі екенін атап өтті. Ол жастарды кез келген діни ақпаратты сенімді дереккөздерден алуға, күмәнді топтар мен белгісіз чаттардан аулақ болуға шақырды. Сонымен қатар қоғамда рухани иммунитет қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, әрбір адам өзінің ішкі сенімін дұрыс бағытта нығайтуы қажет екенін айтты.
Подкастта сондай-ақ экстремистік сипаттағы чаттар мен топтардың белгілері де нақты мысалдар арқылы түсіндірілді. Спикерлер күмәнді шақырулар, жабық топтарға күштеп қосу, агрессивті немесе біржақты пікірлерді насихаттау сияқты әрекеттерден сақ болу қажеттігін ескертті. Мұндай жағдайда мамандарға жүгіну маңызды екені де айтылды.






































