РАНТ мүшесі  Ақтөбе мыс компаниясының жұмысшыларымен кездесті 6294

РАНТ мүшесі Ақтөбе мыс компаниясының жұмысшыларымен кездесті

20 сәуір 2026 22 Оқу 1 минут

Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Жандос Орынбайұлы Хромтау ауданына қарасты Көктау ауылында орналасқан Ақтөбе мыс компаниясының жұмысшыларымен кездесті. Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау, жат ағымдардың алдын алу және ұлттық құндылықтарды насихаттау болды.

Кездесу барысында Жандос Орынбайұлы діни ағымдардың қоғамға тигізер кері әсері жөнінде кеңінен әңгімелеп, олардың салдарына нақты мысалдар келтірді.

– Өзге ұлт ғалымының басқа бір халықтың салт-дәстүрін терең білмей тұрып үкім шығаруына хақысы жоқ. Себебі әр елдің өзіндік ерекшелігі, қалыптасқан дәстүрі бар. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары діни мамандардың тапшылығы салдарынан түрлі ағымдардың жетегінде кеткен бауырларымыз аз болған жоқ. Мұндай ағымдар қоғам арасына іріткі салып, мұсылмандардың өз ішінде бөлінуіне әкелді. Қазір елімізде мұндай теріс ағымдарға заң аясында шектеулер қойылып, олардың қызметіне тыйым салынып жатыр. Олар еліміздің діни басқармасын мойындамайды әрі өзара алауыздыққа бейім келеді. Аз ғана халқымыздың бірлігіне сызат түсіруге жол бермеуіміз керек, – деді ол.

Сондай-ақ спикер дін мәселесінде сырт елдерден пәтуа сұраудың орынсыз екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде елімізде білікті діни мамандар жеткілікті, сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымы негізгі бағыт болуы тиіс.

Кездесу барысында ол өзге дін өкілдері арасында да ішкі бөлінушіліктер кездесетінін айтып, кез келген қоғам үшін бірлік пен келісімнің маңызы зор екенін жеткізді.

Жандос Орынбайұлы сөз арасында қазақ халқының тарихында діни сауаттылықтың қалыптасуына үлес қосқан медреселердің рөліне де тоқталды. Қазақ зиялыларының басым бөлігі осындай оқу орындарында білім алып, ел дамуына қызмет еткенін атап өтті. Ол замандағы ұстаздардың біліктілігі мен тәрбиелік мәні жоғары болғанын тілге тиек етті.

– Бүгінде кейбір өзін “ұстаз” санайтын адамдар қоғамға пайдасынан гөрі зиянын тигізіп, әр саланың мамандарын теріс бағытқа бұрып, қоғамнан алшақтатуға тырысады. Ал шын мәнінде, еліміз өз ісінің білікті мамандарына мұқтаж. Әр адам өз саласында адал еңбек етіп, кәсіби тұрғыда дамыса, мемлекетіміздің іргесі берік, болашағы баянды болады, – деп түйіндеді ол.

Кездесу соңында жұмысшылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, пікір алмасу алаңы қалыптасты. Мұндай кездесулердің еңбек ұжымдары арасында рухани тұрақтылықты нығайтуда маңызы зор екені атап өтілді.