#Рамазан2026: Алланың 99 көркем есіміне арналған сайыс ұйымдастырды 6097

#Рамазан2026: Алланың 99 көркем есіміне арналған сайыс ұйымдастырды

18 наурыз 2026 18 Оқу 1 минут

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен Рамазан айының жоспарына сәйкес Ақтөбе облысындағы «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен рухани құндылықтарды дәріптеу және жамағаттың діни білімін арттыру мақсатында әйел жамағаты Алланың 99 көркем есіміне (Әсмаул-Хусна) арналған үш кезеңнен тұратын танымдық сайыс өтті.

Сайыстың алғашқы кезеңі заманауи «Kahoot» (Куиз) платформасы арқылы өткізіліп, оған шараға келген жамағат барлығы қатысу мүмкіндігіне ие болды. Қатысушылар онлайн форматта білімдерін сынап, ерекше белсенділік танытты. Нәтижесінде үздік нәтиже көрсеткен алғашқы он қатысушы келесі кезеңге жолдама алды.

Келесі турларда қатысушылар Алланың көркем есімдерінің мағынасы, олардың өмірдегі маңыздылығына қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін тереңірек дәлелдеді. Сайыс тартысты өтіп, қатысушылардың дайындық деңгейі мен қызығушылығы жоғары екені байқалды.

Қорытынды кезең нәтижесінде озық шыққан алғашқы үш қатысушы арнайы марапаттарға ие болды. Ұйымдастырушылар мұндай рухани сайыстар жамағат арасында білімге деген құлшынысты арттырып, имандылықты нығайтуға үлкен септігін тигізетінін атап өтті.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі